Елімізде өрт қауіпсіздігінің бірыңғай сағаты өткізілді
15 тамыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінде өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Айлықтың мақсаты – өрт санын азайтуға және өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыру, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті осы бағытта ауқымды көпжоспарлы жұмыс жүргізуде.
Еліміздің барлық өңірлерінде 25 тамыз күні сағат 13.00-ден бастап 14.00 аралығында адамдардың жаппай жиналатын орындарында – ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында, базарларда, павильондарда, «Мечта», «Технодом» тұрмыстық техника дүкендерінде және т.б., LED экрандар мен дауыс зорайтқыш құрылғыларды қолданумен оқыту бейнероликтер және аудионы бір мезгілде тарата отырып өрт қауіпсіздігінің бірыңғай сағаты өткізілді, - делінген ТЖМ ақпаратында.
Бұл акция өрттердің алдын алуға, адам өлімінің алдын алуға және жарақаттануға, халықтың өрт қауіпсіздігі саласында құқықтық сана деңгейін арттыруға бағытталған.