Елімізде домбыра 5 пайызға қымбаттады


Елімізде шілде айының қорытындысы бойынша домбыра мен гитара бағасы бір жылда айтарлықтай өзгерген, деп хабарлады Elordainfo.kz Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл қаңтар–маусым айларында Қазақстанда жалпы сомасы 56 млн теңгеге фортепиано, орган, ішекті, пернелі және үрмелі музыкалық аспаптар, сондай-ақ метрономдар, камертондар мен музыкалық қораптарға арналған механизмдер өндірілді. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға аз.
Музыкалық аспаптар өндірісі еліміздің 20 облысының 8-інде ғана тіркелді. Өндіріс көлемі бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Қаңтар–маусым айларында мұнда 38 млн теңгенің өнімі шығарылған. Бұл — елдегі жалпы өнімнің 67,8 пайызын құрайды. Алайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 7,8%-ға төмендеген. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (7,7 млн теңге) мен Жамбыл облысы (4,5 млн теңге) орналасқан.
Жекелеген музыкалық аспаптардың бағасына келсек, 2025 жылдың шілде айында домбыра мен гитара құны айына 0,3%-ға, ал жылдық 5,6%-ға өскен.
Ай сайынғы динамикада бағаның ең көп өсуі Батыс Қазақстан (2,1%-ға), Түркістан (1,9%-ға) облыстарында және Алматы қаласында (0,7%-ға) тіркелді. Еліміздің өзге өңірлерінде домбыра мен гитара бағасы өзгеріссіз қалған.
Жылдық динамика бойынша бағаның өсуі Түркістан облысынан басқа барлық өңірде байқалды. Бұл облыста музыкалық аспаптардың құны 1,5%-ға төмендеген. Ұлытау, Павлодар және Алматы облыстарында баға өзгермеген. Домбыра мен гитара бағасының ең жоғары өсімі Ақмола (16,4%-ға), Жамбыл (15,1%-ға) және Ақтөбе (12,4%-ға) облыстарында тіркелген. Ең төмен өсім — Жетісу облысында (1,2%-ға) байқалған.
Дыбыс жазу және музыкалық шығармаларды басып шығару қызметі де жеке атап өтуге тұрарлық. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бұл салада кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер 333,6 млрд теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға аз.
Бұл қызметтің ең үлкен көлемі Алматы қаласында тіркелген. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі — 236,7 млрд теңге. Жылдық төмендеу — 46,3 пайызды құрады. Жалпы республика бойынша бұл саладағы қызметтің 70,9 пайызы Алматы қаласына тиесілі. Келесі орындарда Алматы облысы (25,5 млрд теңге) мен Жамбыл облысы (19,5 млрд теңге) тұр.
Сара Қамзаева



