Елімізде алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды

8 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізде алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды
фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» басшысы Евгений Лихачев Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын бастау рәсіміне қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Росатомның» Инжинирингтік дивизионының мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамаларын алу жұмыстарына кірісті. Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін және өзге де параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді. Осы кезеңде кемінде 50 ұңғыма бұрғыланып, олардың тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жетеді. Алынған деректердің негізінде АЭС-тің нақты орналасу орны айқындалады.

«Үлкен ауылында инженерлік іздестірулердің басталуы – Қазақстанның заманауи тарихындағы алғашқы ірі қуатты атом электр станциясына бастайтын жолдың алғашқы қадамы. Бұл кезеңде біз алаңның болашақ атом станциясы үшін толықтай қолайлы екеніне сенімді болу мақсатында мұқият зерттеуге баса назар аударамыз. «Росатом» Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық маңызы зор осы жобаны жүзеге асыруға бар тәжірибесін қолдануға дайын», – деді «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв.

Болашақ станцияның негізінде электр қуаты 1200 МВт болатын III+ буынның заманауи ВВЭР-1200 су-су энергетикалық реакторлары орнатылады. Бұл технология ең қатаң халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай және қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайдағы қолданыстағы әрі салынып жатқан нысандарда табысты пайдаланылып келеді. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.

«Бүгінгі күн – тек алғашқы қадам, бірақ дәл осы қадам Қазақстанның экономикасында жаңа жоғары технологиялық саланы қалыптастыру жолын айқындайды. Біз АЭС құрылысы заманауи инфрақұрылымнан бастап жаңа мектептер, балабақшалар мен әлеуметтік нысандарға дейін өңірдің дамуына қуатты серпін береді деп сенеміз. Бұл жоба – Қазақстанның стратегиялық таңдауы, өңір мен елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің драйвері», - деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы маусымда «Росатом» Қазақстандағы АЭС құрылысы жөніндегі халықаралық консорциумның жетекшісі болып айқындалды.