Елімізде 104 мың шаршы шақырым аумақта барлау жұмыстары жүргізілді
11 ай ішінде жер қойнауын геологиялық барлауға 55 лицензия берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, оның 16-сы геологиялық түсіру, 5-і геофизикалық жұмыстар, 34-і жер асты сулары бойынша.
Аймақтық геологиялық барлау жүргізу зерттелетін аумақты 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы километрге дейін ұлғайтады. 2024 жылы жалпы барланған аумақ 104 мың шаршы километрді құрады.
Бұл ретте 11 учаскеде сирек жер металдарын анықтау бойынша іздестіру жұмыстары аяқталды.
Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесінің перспективалары атап өтілді. Учаскенің алдын ала қоры өнеркәсіпті игеруге қажетті шамамен 800 мың тонна шикізатты құрайды. Ал болжамды ресурстары – 935 мың тонна сирек жер металдары, оның ішінде церий мен лантанидтер.
Қостанай облысында «Ақбұлақ» учаскесінде жұмыс жүргізіліп, 2 алтын, 1 алтын және мыс учаскесі анықталды.
Әлеуетті жер қойнауын пайдаланушылардың Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары нәтижелеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында нәтижелер e.geology.kz электронды веб-сайтында жарияланады.
Жер асты суларының мониторингін бөлек атап өту қажет. 2024 жылы мониторингке 765 млн теңге бөлінді. Мақсат – 4004 мониторингт пункттеріндегі жер асты суларының және қауіпті геологиялық процестердің жай-күйінің сандық және сапалық көрсеткіштерін алу.