Домбыра жасаушылардың не атағы, не шеберханасы жоқ – өнертанушы


Бүгін – Домбыра күні. Осыдан жеті жыл бұрын, яғни 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сол Жарлыққа сәйкес шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Мейрам қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі өнертанушы Ардаби Мәулетпен домбыра күнінің маңызы туралы сөйлескен болатын.
Ардаби Мәулеттің айтуынша, домбыра күнінің миссиясы – ұлттық аспап ретінде халыққа қадір-қасиетін ұғындыру әрі насихаттау.
«Біз бұл күнді атап өтуде аздап форматтан жаңылып кеттік. Мысалы, Домбыра күні орталықта концерт қою, аспапта ойнау - яғни бұл ұрандауға айналды. Өнертанушы ретінде мен бұл күні аспапты жасайтын шеберлерге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Себебі солардың арқасында бұл аспап атадан балаға мұра ретінде жалғасып келе жатыр. Оны жасайтын адам мен орындаушы бөлек. Мәселен, мен күйшімін, бірақ мен оны жасай алмаймын. Бұл Жарлықта ең бірінші ескеретін мәселелердің бірі – бұрынғы шеберлердің көзін көрген, солардың тәлімін алған аға шеберлер елде бар, бірақ олардың не атағы, не шеберханасы жоқ. Бастысы - өзімен өзі тірлік етіп жүр. Міне, сол адамдарға құрмет көрсетіп, соларға жағдай жасауымыз қажет. Өйткені ол қазақтың қасиетті домбырасын жасап отыр емес пе?», - деді күйші.
Сондай-ақ спикер осы аспапты жасаумен айналысатын шеберлерге музейлерде арнайы шеберхана ашуды ұсынды.
«Егер осы аспапты жасаушыларға жағдай жасасақ, онда біздің домбыраның үні әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы сақталады. Сондықтан домбыра күнін атап өтуде маңыздылықты осы жаққа бұрған жөн. Айтуға оңай болғанымен, домбыра жасау оңай шаруа емес. Ол үлкен шеберлікті, білімді, қажыр-қайратты қажет етеді. Мәселен, шеберлер бәлеңбай жыл кепкен ағашты іздейді, егер табылмаса, онда өздері жылдап кептіреді, өлшемін жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл – үлкен жұмыс», - деді ол.
Ол музейлерде арнайы музыкалық аспаптың, яғни домбыра жасаушының маманы болу керектігін айтты.
«Осы күнге дейін бірде-бір домбыра жасайтын шеберге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағы, жалпы үкімет тарапынан бірде-бір қолдау көрсетілген жоқ. Республиканың әр аймағында музейлер бар. Соның ішінде тек осы аспапты жасаумен, қалыпқа келтірумен шұғылданатын арнайы штат ашқан жөн. Ал айтулы мерекеге орай Жарлық аясында қосымша концерттер өткізіле береді ғой», - деді ол.
Өнертанушы бүгінде шертпе күймен айналысатындардың қатары артып жатқанын жеткізді.
«Әр дәуірдің өзінің айтары бар. Бұрын қазақтың басында қандай жағдай болмасын, домбырамен жеткізетін. Солар қалдырған қолтаңбаны сақтап әрі орындап жүргендер, яғни солардың ізін жалғаушылар қазіргі кезде де шертпе күйді нақышына келтіріп айтып жүр. Бұл – атадан қалған аманат. Төл acпaбымыздың мaңызды детaльдaрының бірі – ішек. Дыбыcтың жaқcы шығуы үшін ішек ерекше рөл ойнaйды. Домбыраның шанағы қайың мен аршадан істеледі. Бір сөзбен айтқанда, аспапты жасау кезеңінде қате кетсе, онда домбыраның дыбысы дұрыс болмайды. Өздеріңізге мәлім, аспаптың дыбысы таза шығуы керек, яғни қоңыр үні болуы қажет», - деді күйші.
Оның пікірінше, домбыра жасаумен айналысатын шеберлерді насихаттау жұмысын күшейту қажет.
«Олар жайлы деректі фильмдер түсіріліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жұмыстарын насихаттау жағын күшейтуіміз керек. Сондай-ақ бір телеарнаны соларға арнаса да, артық етпейді. Бұлардан бөлек, жылдағы дәстүр бойынша Домбыра күнінде концерттер мен түрлі іс-шара ел деңгейінде өткізіле берсін. Бүгінгі Домбыра күні құтты болсын», - деп сөзін түйіндеді Ардаби Мәулет.



