Депутат «Отбасы банктың» игілігін ауыл тұрғындары көре алмай отырғанын айтты


Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ауыл тұрғындары «Отбасы банктың» тұрғын үй бағдарламаларымен баспаналы болу үлесі аз екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, ауылдық аудандар мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады, бұл Қазақстан халқының 43 %-ын құрайды. Ал жаңа тұрғын үйдің тек 20 %-ы ауылдық жерлерде пайдалануға берілген.
«Тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда 26,9 шаршы метр болса, ауылдарда бір адамға шаққанда небәрі 20,7 шаршы метрді құрайды. 2025 жылдың басында ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1200 авариялық үй, моноқалаларда 2,3 мың адам тұратын 76 авариялық үй болды. 2022-2024 жылдары жаңа тұрғын үйдің тек 20 %-ы ауылдық жерлерде пайдалануға берілді. Мұндай диспропорция, ең алдымен, ауыл тұрғындары үшін ипотекалық, Отбасы банкі өнімдерінің қолжетімсіздігімен және халықтың хабардар болуы деңгейінің төмен болуына байланысты», - деді депутат.
Халық қалаулысының айтуынша, Отбасы банктің консультациялық орталықтары тек 4 моноқалада және 5 шағын қалада жұмыс істейді.
«Ауылдар мен аудандардың көп бөлігінде мүлдем жұмыс істемейді. 2024 жылы Отбасы банкі бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ ауылдарда жеке тұрғын үйлер салуға қолжетімді қаржыландыруды ұсынатын «Асыл мекен» пилоттық бағдарламасын іске қосты. Бұл жобаны іске асыруға Отбасы банкі өз қаражатынан 2 млрд теңге бөлді. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар мен өтініш берушілерге қатысуға басымдық берілді. Қарыздың ең жоғары сомасы 10 млн теңгені құрайды. Алайда бағдарлама тиімділігі болғанына қарамастан жалғасын таппады, оны қаржыландыру тоқтатылды», - деді ол.
Мәжіліс депутаты осыған қатысты қабылданатын шаралар туралы айтты.
«Осылайша, Отбасы банктің қызметін «аудан орталықтарына, моноқалаларға, ауылға бұру» туралы Президенттің тапсырмасы нақты іске асыру тетіктерінсіз қалды. AMANAT Фракциясы Үкімет Мемлекет Басшысы Тоқаевтың тапсырмасына немқұрайлықпен қарауға жол бермеуі тиіс деп есептейді. Үкімет мынадай шараларды қабылдауы қажет: 1)«Асыл мекен» бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту. Шағын қалаларды қамти отырып, бағдарламаның бүкіл ел аумағында тұрақты іске асырылуын қамтамасыз етіп, республикалық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлуді көздеу», - деді спикер.
Сондай-ақ ол ауылға бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеу туралы айтты.
«Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5 %-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10 %-дан бастап жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттар үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету. 3)Жергілікті атқарушы органдармен үйлестіруді күшейту. Шығыс Қазақстан облысындағы «Бір қабатты Шығыс» және Жетісу облысындағы «Жерұйық» жобаларының табысты тәжірибесін пайдалана отырып, бағдарламаларды бірлесіп іске асыру үшін әкімдіктермен келісімдер жасасу. 4)Отбасы банкі консультациялық және ақпараттық сервистерінің географиясын кеңейту. Әр ауданда қызмет көрсету орталықтарын ашу, мобильді офистер ашу, бүкіл ел бойынша ақпараттық-ағарту науқандарын бастау», - деді Мәжіліс депутаты.