Биыл тәртіпке бағынбаған 400-ге жуық жолаушы пойыздан түсірілді


Жыл басынан бері көлік полицейлері құқық бұзушылық жасағаны үшін 400-ге жуық адамды пойыздан түсірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарында құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Көлік полицейлерінің басты ұстанымы – Заң мен тәртіп. Өткізілген рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде пойыздардан еліміздің әкімшілік заңнамасын бұзған 388 адам түсірілді. Олардың басым бөлігі – алкогольдік мас (359 адам) күйде болған азаматтар. Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық бойынша 13 және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелді. Мәселен, Маңғыстау – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы бастығының актісімен Бейнеу станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Қызылорда облысының тұрғынын пойыздан түсірді. Ішімдікке сылқия тойған 31 жастағы ер адам полиция бөлмесіне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талаптарына қарсылық көрсеткен.
Тексеру барысында аталған азаматтың осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін бір жыл ішінде бұған дейін де жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Бұл жолы құқық бұзушы бірден екі бап, атап айтқанда алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, сондай-ақ полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау бойынша жауапқа тартылды. Соттың шешімімен ол 4 тәулікке қамауға алынды. Дәл осы бағыттағы пойызда тағы бір оқиға тіркелді. Қызылорда облысының 41 жастағы тұрғыны мас күйде вагон-мейрамханада ішімдік бермегені үшін бокалмен терезені сындырған. Аталған азамат өз әрекеті үшін жауапкершілікке тартылды.



