00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Биыл 2 мыңнан астам балаға Kids go Free жобасы арқылы тегін әуе билеті берілді

Бүгін, 16:41
Торғын Аман Торғын Аман
Биыл 2 мыңнан астам балаға Kids go Free жобасы арқылы тегін әуе билеті берілді
фото: freepik.com

Соңғы үш жылда Kids go Free бағдарламасы бойынша 5 500-ден астам бала отбасылық туристік пакеттермен Қазақстан бойынша тегін әуе саяхаты мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақ Туризм» ҰК мәліметіне қарағанда, 3 жыл ішінде қазақстандық отбасылар 280 миллион теңге үнемдеген.

«Алакөл» көлінің жағалауы Kids go Free бағдарламасының ең сұранысқа ие бағыты ретінде қалып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл сатылған турлардың саны 20%-ға артты. 700-ден астам бала Алакөлге тегін саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды.

Алматы мен Алматы облысының маңындағы аймақтарға деген қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артты. 330-дан астам отбасы осы бағытты таңдаған. Балалар әуе билеттерінің құнын өтеуге жұмсалған қаржы 41,6 миллион теңгені құраса, бұл бағыттағы турлар жалпы 135,3 миллион теңгеге сатылды.

Шортанды-Бурабай курорттық аймағы мен Астана қаласы – Kids go Free бағдарламасының үшінші танымал бағыты. Оған жазғы айлар мен қысқы каникул кезінде сұраныс өте жоғары.

Kazakh Tourism 2022 жылдан бері Kids go Free бағдарламасын жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты – елімізде ұйымдастырылған туризмді дамыту. Жыл сайын ата-аналардың балаларымен бірге Қазақстан бойынша саяхаттау көрсеткіші артып келеді. Ал отандық туроператорлар осы уақытта 1,2 миллиард теңгеге турлар өткізді. Мемлекет тарапынан салынған әрбір теңге еліміздің экономикасына қосымша 4 теңге пайда әкеледі деп айтуға болады», – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.

Биыл Kids go Free бағдарламасы бойынша 2172 балаға Қазақстанда саяхаттау үшін тегін әуе билеттері ұсынылды. Туроператорлар балалардың әуе билеттері құнын есептемегенде, 415,6 миллион теңгеге турлар өткізді. Мемлекет тарапынан 114,5 миллион теңге өтелді, бұл жалпы сатылған турлардың 28%-ын құрайды.