«Басы бар, аяғы жоқ әрекет»: депутат Сәрсенғалиев қоқысты сұрыптау жүйесін сынады

«Басы бар, аяғы жоқ әрекет»: депутат Сәрсенғалиев қоқысты сұрыптау жүйесін сынады
Фото: Parlam.kz

Бүгін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесін көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау мен қайта өңдеу басы бар, аяғы жоқ әрекет болып тұр. Салдарынан көлемі көпқабатты үймен бірдей қоқыс полигондары қаптап жатыр. Ресми полигонға қоқыс тастау қымбат деп қалдықтарды елдің көзінен тасаға апарып төгіп тастайтындарды да көзіміз көрді. Бұл қоршаған орта мен адам денсаулығына орасан зиян екені айтпаса да түсінікті. Қатты тұрмыстық қалдықты кәдеге жаратуға кәдімгідей ақша керек, инвестицияны игілікке жарату шарт. Қаржыландыруды көбейту үшін, тарифті қымбаттатпау үшін Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) механизмі іске қосылды, РОП десем түсініктірек болар», - деді депутат.

Халық қалаулысы жүйе қатесіз жұмыс істеу үшін «Жасыл Даму» мемлекеттік компаниясы оператор ретінде құрылғанын айтты.

«Бұл өте қарапайым жүйе, былай жұмыс істеуі керек еді: қоршаған ортаны ластаушы компаниялар қалдықтарды жинайтын, қайта өңдейтін орталықтарға атқарған қызметі үшін тиісті қаржыны төлейді. Бұл жүйе қатесіз жұмыс істеу үшін «Жасыл Даму» мемлекеттік компаниясы оператор ретінде құрылды. Түсінікті әрі қарапайым механизм. Бірақ қарапайым қарекетті Экология министрлігі қиындатып жіберді. Яки, қоқысты өңдеумен айналысатын компаниялар  атқарған жұмысы үшін өздеріне тиесілі ақшаны тікелей ала алмай қалды. Себебі ол төлемді «Жасыл Даму» ұлттық компаниясы 3 пайыздық несие түрінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы беруді ұйғарған. Бұған 200 миллиард теңге көзделіпті», - деді спикер.

Нартай Аралбайұлы түсініксіз жағдай да бар деп отыр.

«Бұл мүлдем түсініксіз жағдай, себебі қоқыс өңдеген компания атқарған жұмысы үшін өзіне тиесілі қаржыны қордан несие түрінде алуға мәжбүр. Демек министрлік қоқыс өңдеушілердің өздеріне тиесілі қаражатты 3 пайыздық кредит ретінде беріп отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Қордың өзіне де сұрақ көп.  Біріншіден, Экологиялық кодекске сәйкес ( 388-бап, 1-тармақ, 15-тармақша) Өнеркәсіпті дамыту қоры тек қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіп   секторындағы жобаларды қаржыландыра алады.  Демек, қалдықты жинаумен, сұрыптаумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар қордың қаражатына қол жеткізе алмайды. Сәйкесінше олар күндердің күнінде тарифтерді көтеруді талап етеді. Ол кезде салмақ баяғы тұтынушыға түседі», - деді депутат.

Оның айтуынша, министрлік салаға салған осы салмақты жеңілдетпесе  өңірлерде қоқысты сұрыптау жұмысы сол күйі басталмайды, сәйкесінше таудай қоқыс полигондары жыл санап көбейе береді деген сөз.

«Мемлекет басшысы Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырғанда серпінді өндірістік кәсіпорындарды қолдау туралы айтқан болатын. Яки қордың қаражатын алу үшін қандай да бір саланы түбегейлі түрлендіретін  жаңа дүние жасау керек еді.  Ал Үкіметтің осы бағыттағы әрекетіне қарасақ, Қазақстандағы әрбір қоқыс өңдеуші зауыт серпінді жоба секілді.», - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол бірнеше ұсыныстар айтты.

«Ұсыныстар: РОП-қа утильдік төлемдерді төлеу тетігін қайта қарау қажет. Кімге тікелей төлем, кімге несие берілетінін  нақты ажырату қажет. Мемлекет басшысы тапсырғандай, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» серпінді жобаларды несиелендіруі керек. Ал қоқысты өңдегендер өз еңбекақысын несие ретінде емес «Жасыл даму»-дан тікелей төлем ретінде алуы шарт.  РОП утилизациялық төлемнен түскен ақшаны қоқысты жинайтын, тасымалдайтын, сұрыптайтын ұжымдарға да беруі қажет. Себебі ең ауыр жұмысты атқаратын солар. Өңірлердегі қоқыс полигондарын азайтудың, өз міндетін дұрыс атқармаған компанияларға санкция салудың тетіктерін қарастыру керек. Уәкілетті орган жүйелі жұмыс жасаймын десе, салалық қауымдастықпен бірлесіп Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің келісілген тұжырымдамасын қабылдауы керек. Содан кейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді осы тұжырымдамаға сәйкестендіру қажет», - деді ол.