Балаға жаңа жылдық костюмді қалай таңдауға болады
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балаға арналған карнавал костюмін таңдағанда не нәрсеге көңіл бөлу керектігін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа жылдық киім ыңғайлы болуы, денені қыспауы және тоңдырмауы тиіс. Материалдың құрамында синтетика аз болуы, костюмның астары табиғи материалдан болуы тиіс. Карнавал киімі сапалы болуы, оның ішінде маскада жағымсыз химиялық иіс болмауы, сонымен қатар бояудың, жылтырдың іздерін қалдырмауы керек.
«Балаға арналған жаңа жылдық костюмді таңдаған кезде тігіс сапасы мен түймелеріне назар аударған жөн. Тігістер тегіс болуы керек, резеңкелер, белбеулер мен бекіткіштер денені қыспауы тиіс.
Бұйым туралы барлық ақпарат көрсетілуі тиіс таңбалаудың болуына назар аударуды ұмытпаңыз: дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының атауы мен орналасқан жері, бұйымның атауы мен түрі, табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен пайызы, пайдалану процесінде бұйымға күтім жасау ерекшеліктері жөніндегі нұсқаулықтар, бұйымның мөлшері, аң терісін пайдалану кезінде – оның табиғилығы, жасандылығы мен өңделгеніне (боялған немесе боялмаған) мән беру керек», - делінген хабарламада.
Сатушы тұтынушының талабы бойынша оның қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттамамен (сәйкестік сертификаты) таныстыруға міндетті. Ұсынылған сертификатқа өнімнің тиесілігін тауарда және сертификатта көрсетілген сәйкестендіру белгілерін салыстыру арқылы тексеруге болады. Әдетте, киімнің сәйкестендіру белгісі – өндірушінің бренді немесе өнімнің артикулы.
Комитет қазан айында бақылау мақсатында балалар мен жасөспірімдерге арналған киім мен аяқ киімнің 485 үлгісін сатып алып, зерттеді. Оның ішінде Кеден одағының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін 358 үлгіні анықтады, бұл 73,8% құрайды. Оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнімі – 65 (18,2%), басқа елдердің өнімі – 293 (81,8%).
Негізгі бұзушылықтар таңбалау ережелерін сақтамау – 92,7%, физикалық-гигиеналық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмеу – 7,3% болып табылады.