00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

БҚО-да су тасқынан зардап шеккен 50 тұрғын баспаналы болды

БҚО-да су тасқынан зардап шеккен 50 тұрғын баспаналы болды
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен

Көктемгі су тасқыны салдарынан баспанасы жарамсыз деп танылған Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстёпное ауылының 50 тұрғыны баспаналы болды. Жаңа үйлер демеушілер қаржысына салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қоныс иелерін құттықтады.

Оның айтуынша, Теректі ауданында салынып жатқан 130 үйдің 50-інің құрылысы аяқталды. Қалған 80 үйдің құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталмақ. Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін БҚО-ның Теректі ауданында 30 үй сатып алынып, 395 отбасының баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғыны Лаура Нысанованың үйі су тасқыны кезінде жарамсыз деп танылды. Бүгін ол жанұясымен бірге қоныс тойын тойлап жатыр.

«Наурыз айының соңында үйімізді су басты. Бір қиындықтың артында жеңілдік тұрады деген шын сөз екен. Бүгін баспаналы болып отырмыз. Жарық, кең 3 бөлмелі, үлкен, барлық жағдайы жасалған үйге қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», - деді Лаура Нысанова.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ахуалдық орталығының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында 775 үйдің құрылысы жүргізілуде, тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге 130 жеке тұрғын үй салынды, 1 128 үй сатып алынды, 1 321 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.