Атырауда 220 салымшының ақшасын жинап алған кооператив басшылары істі болды
Атырауда 2020 жылы екі азамат «Жібек Жолы Атырау» және «Ақмаржан-Атырау» деген екі тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрып, салымшылардан ақша жинаған. 220 үлескердің ақшасы салынған құрылыс аяқталмай, іс сотқа жетті, деп хабарлады Elorda.info.
Жоғарғы соттың мәліметінше, 2020-2021 жылдары олар Атырауда «Ақмаржан» және «Жібек Жолы» тұрғын үй кешендерін салу мақсатында азаматтардан 2 млрд теңге қаражат жинап, олармен ТК құрылысына қатысу шарттарын жасасқан.
Шарттарда құрылысты аяқтау және ТК пайдалануға беру мерзімі 2021 жылдың қазан және желтоқсан айлары деп көрсетілген. Алайда жауапкерлер аталған мерзімде құрылысты аяқтай алмаған.
«Қозғалған қылмыстық іс аясында пәтерлер әртүрлі адамдарға бірнеше рет сатылғаны белгілі болды. 2023 жылы ТҚК құрылтайшылары алаяқтық әрекеттері және алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіргені үшін 6 жылға сотталды», - деді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
220 үлескер Атырау қалалық сотына екі ТҚК-ға және олардың құрылтайшыларына олармен жасалған шарттарды бұзу және аяқталмаған құрылыс объектілерінен өндіріп алынған ақшалай қаражатты өздері құрған ТҚК-3-ке беру туралы талап қою жолдаған.
«Олар талап қоюда жауапкерлер шарттардың талаптарын айтарлықтай бұзғанын, өйткені төлемді алғаннан кейін үйлердің құрылысын аяқтамағанын және талап қоюшыларға пәтерлерді бермегенін атап көрсеткен. Қалалық сот 220 талап қоюшының талаптарын негізді деп есептеп, оларды толық көлемде қанағаттандырды», - делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.