Талғат Темірханов: Атом электр станциясы – болашақ генерация көзі
Елімізде атом электр станциясын салу бойынша референдум 6 қазанда өтеді. Ел өміріндегі маңызды шешім халықпен бірлесіп жасалуы қажет екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтқан болатын. Атом электр станциясының құрылысы бұл өте жауапты іс. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі «Қазақстанның электроэнергетикалық қауымдастығы» төрағасы Талғат Темірхановпен «Неліктен ел атом энергетикасына көшуі керек?», «АЭС қауіпсіздігі немен өлшенеді?» деген секілді маңызды сауалдар төңірегінде сөйлесті.
Спикердің айтуынша, соңғы бірнеше жылда энергетика саласында біраз өзгерістер болып жатыр.
«2021 жылы «ҚР Экологиялық кодексі» қабылданды. Бұл құжат аясында бірінші дәрежелі нысандарды экологиялық жаңғырту міндеті тұрды. Екінші құжат бұл «Көміртек деңгейін түсіру стратегиясы» деп аталады. Оған Мемлекет басшысы қол қойды. Сол құжаттың аясында мемлекет 2040 жылдан бастап көмір отынынан біртіндеп бас тартуды көздеп отыр. Біз Париж келісіміне қол қойдық. Бұл келісім әрбір ел үшін көміртек шығарындыларын жылдан-жылға қысқарту міндеттемелерін бекіткен болатын. Біз де халықаралық қауымдастық алдында 15 пайызға төмендетеміз деген міндеттеме алдық», - деді спикер.
Қазақстан сыртқа көптеген тауар түрін (шикізат) шығарады. Сол елдердің ішінде Еуропа елдері де бар. Спикердің айтуынша, осы орайда тағы бір мәселе туындауы мүмкін.
«Егер сіздің тауарыңызда көміртек ізі көп болса, онда Еуропа елдеріне кірмес бұрын салық төлеуіңіз қажет. Біз көміртегі шығарындыларын азайтпасақ, онда шекаралық салыққа тап болуымыз мүмкін. Сондықтан экономикамыздың ары қарай дамуына атом электр станциясының ықпалы мол. АЭС құрылысы басталған сәттен бастап іске қосылғанша шағын және орта бизнес те дами бастайды. Сол арқылы ғылым да дамиды. Бұл – өте маңызды. Біздің ойымызша, осы аспектілерді негізге ала отырып, АЭС құрылысы қандай болатынын қазірден бастап шешу керек. Ол экологияға оң әсерін тигізетін генерация көзі болуы қажет», - деді төраға.
«Қазақстанның электроэнергетикалық қауымдастығы» төрағасының айтуынша, шекаралық салық 2025 жылдан бастап іске қосылуы мүмкін.
«Осыған қатысты Еуропада үлкен талқылау жүріп жатыр. Біздің болжам бойынша ол 2025 жылдан бастап іске қосылуы мүмкін. Неге? Еуропа елдерінің ірі компаниялары арнайы стандарттарға сай өздерінің станциялары, технологиялары және жалақы жағынан қатаң талаптар қояды. Сондықтан олар жұмсайтын шығын біздікінен неғұрлым жоғары. Енді бұл тепе-теңдікті сақтау үшін Еуропа елдері сырттан әкелінетін тауарларға осындай салықты енгізейін деп жатыр», - деді ол.
Талғат Темірхановқа «АЭС қауіпсіздігі немен өлшенеді?» деген сауал қойған едік.
«Біз өңірлерге барып, халықпен кездескен уақытта көпшіліктің қойған сұрақтарының 90 пайызы АЭС қауіпсіздігі жайлы болды. Өздеріңізге мәлім, қазіргі кезде оны салуға 4 мемлекет ниет білдірді. Олар: Ресей, Оңтүстік Корея, Франция және Қытай. Бұл мемлекеттердің станциялары бар. Сондай-ақ олар шетелдерде станция салып жатыр. АЭС бойынша біздің талабымыз – қауіпсіздігінің заманға сай болуы, яғни 3+ деген деңгейден төмен болмауы керек. 3+ дегеніміз – әлем бойынша озық әрі қауіпсіздік деңгейін тиісті кезеңде ұстап тұратын технологиялардың бірі. Жалпы АЭС-терде 500-ден астам апат болғаны тіркелген. Сол апаттардың барлығы 2 дәрежелі қауіпсіздік деңгейінен аспайтын станциялар. Ал 3+ деңгейлі станцияларда ешқашан апат болған емес. Әлбетте, алғашында АЭС және оның құрылысына қатысты көп сұрақ пен үрей де болды. Түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде халық мұның не екенін ұғына бастады», - деді ол.
Оның айтуынша, қауіпсіздік өлшемі тиісті стандарттарға сай болуы керек.
«Тиісті стандарттарға сай не сай еместігін халықаралық ұйымдар тексереді. Біз оның қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етеміз. Ал олар жұмыстарға тиісті бағасын береді. Егер біз АЭС салатын болса, онда оны іске қосудан бөлек жұмыс істеуіне дейін халықаралық ұйымдар қатаң қадағалайды. Жұмыс процесінде қандай да бір ауытқулар немесе кемшіліктер кездессе, онда аталмыш ұйымдар тиісті пікірін, ұсыныстарын айтуға мүмкіндігі бар. Сол ұсыныстардың негізінде жұмыстар атқарылады. Біздің ойымызша, АЭС қауіпсіздік деңгейіне сай болуы қажет, екіншіден, онда біздің мамандар жұмыс істеуі және ол салынатын өңірдің дамуына өз үлесін қосуы керек. Яғни аймақтың инфрақұрылымын дамытуы тиіс. Бұл – үлкен инвестициялардың бастамасы», - деді Талғат Кеңесұлы.
Бүгінгі таңда Қазақстан АЭС салуға қатысты 4 елге қауіпсіздік пен экологияға қатысты маңызды бағыттар бойынша талаптарын қойған. Соның негізінде 4 мемлекет өз ұсыныстарын жіберген.
«Біз мемлекет ретінде комиссия құрып, сол төрт елдің ұсыныстарын қарап, комплаенс тиісті бағасын беріп, шешім қабылдаймыз. Бүгінгі таңда осыған қатысты талқылаулар жүргізілуде. Кейбір азаматтардан «Ресей санкцияға түсіп қалса ше?» деген сұрақтар түсіп жатыр. Біз станцияны салатын мемлекетті бекіткен кезде барлық ұсынысты мұқият қараймыз. Үкіметаралық комиссия құрылады. Жалпы келешекте болуы мүмкін барлық тәуекелдерді тізіп шығады. Соның аясында олар жұмыстар атқарады. Егер комплаенс «болашақта осындай ахуалдар болып қалуы мүмкін деген тұжырымға келетін болса» онда тағы да талқылайтын боламыз», - деді спикер.
Талғат Темірханов болашақта 2 мыңға жуық маман жұмыс істейтін атом электр станциясының айналасында инфрақұрылым болуы қажет деген ойын айтты.
«Бұл соңғы технологияларға сай станция болғандықтан мұнда кәсіби мамандар жұмыс істеуі қажет. Олардың біліктілігі де жоғары болуы керек және оларға тиісті жағдай жасалуы қажет. Сондықтан сол станцияның аясында шағын және орта бизнес те дамуы мүмкін. Бізде АЭС салынатын өңір де дами бастайды деген болжам бар. Өздеріңізге мәлім, кен орындары, металлургия, мұнай-газ орындары, зауыттар салынған мекенде тұрмыс-тіршіліктің деңгейі де өзгеше болады. Қалашықтар пайда болады, - деді спикер.
Сөз арасында кадр мәселесі туралы да сөз қозғадық.
«Бүгінгі таңда елімізде 5 ЖОО атом саласының мамандарын даярлайды. Сондай-ақ, мұнда шетелден келген мамандар станцияда қызмет етумен қоса, қазақстандық ядролық физика саласы мамандарын оқытады. Кейін қазақстандықтардың тәжірибесі жеткілікті болғанда станцияға жұмысқа алынады деген болжамымыз бар», - деді ол.
Бір айта кетерлігі, Орталық Азияда атом энергетикасын қолдануды жоспарлап отырған елдер де бар.
«Қазіргі кезде Өзбекстан мемлекеті атомдық станцияны саламыз деп шешім қабылдады. Дүниежүзі бойынша жаңа реакторларды салуға 40 жоба өзінің келісімін алған болатын. Бұл – үлкен көрсеткіш. Бүгінгі таңда 30 дамыған мемлекетке кіру үшін бізде тиісті генерация көздері болуы керек. Сондықтан өзге мемлекеттерді көріп, энергетика саласының қала дамып жатқанына тиісті баға беріп, біз атомдық станция болашақ генерация көзі деген тұжырымға келіп отырмыз», - деді төраға.
«Егер референдумда халық АЭС құрылысын қолдамаса, онда Қазақстанды не күтіп тұр?» деген сауалды спикерімізге қойдық.
«Онда біз ары қарай көмір генерациясын дамытуымыз қажет. Біздің бағалауымызша, көмір генерациясы жылдан-жылға қымбаттай бастайды. Себебі дүниежүзіндегі мемлекеттер оны қаржыландыруды қысқартып жатыр. Сондықтан оған қаржы тарту да қиындай түсуде. Бүгінгі таңда көмір шығарындыларының деңгейін төмендететін сүзгілер т.б. технололгиялар бар. Олар қолданылады. Алайда олар көмір шығарындыларының деңгейі нөлге жетеді деген кепілдік бере алмайды», - деп сөзін түйіндеді спикер.