00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қаржы жымқырған білім саласы қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатыр - Антикор

1 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қаржы жымқырған білім саласы қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатыр - Антикор
Фото: Оңалхан Өнерхан

Түркістан облысының білім беру саласының қызметкерлері 2,6 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Elorda.info.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда. Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе, Алматы және Жетісу облыстарында қылмыстық схемалар ашылған болатын.

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деп күдіктелуде, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі. 

Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер 2020-2023 жылдары білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша аударған, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге сома жымқырған.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, олардың 4-і қамауға алынды.

Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды.

Сонымен қатар, тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы заңсыздыққа барғаны анықталды. Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған. 

Сондай-ақ, Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық топқа басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп бухгалтері кірді. Барлығы 13 адам, - делінген хабарламада. 

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.