00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Алматы облысында жер үйде газ жарылып, бір адам қайтыс болды

5 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Алматы облысында жер үйде газ жарылып, бір адам қайтыс болды
фото: Оңалхан Өнерхан

Табиғи газдың рахатын көреміз дегенде, азабын тартты. Алматы облысында жеке тұрғын үйде газ жарылып, бір адам қайтыс болды. Марқұмның қызы мен ұлы аман қалғанымен, үсті-басын түгел күйіп қалған отағасы қазір ауруханада ауыр халде жатыр. Бұл туралы Elordainfo.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Қайтыс болған 55 жастағы әйелдің туыстары қайғылы оқиғаға Еркін ауылына газ жүргізген компанияны кінәлайды.

Болжам бойынша, жарылыс ас бөлмесінде болды. Үй ішіндегілер шәйнекке су толтырып от жаққан кезде лап ете қалған. Жарылыс толқыны күшті болғаны соншалық, қабырғаны құлатып жіберген. Үйдің бір бөлігі шашылып қалған. Сол сәтте үйде төрт адам болыпты. Марқұм мен оның күйеуі ас бөлмесінде оттың ортасында қалса, қызы мен 13 жастағы ұлы құлаған қабырғадан сыртқа шығып үлгерген. 

 «Осы жақта менің бөлмем. Бөлмеме келіп, енді жарықты қосқанда жер сілкінісі деп ойладық. Төбеміз жарылып, қабырға артқа қарай құлады. Мен бір орында тұрып қалдым. Інім қолымнан ұстап, құлаған қабырғадан шығарып жіберді», - деді қызы Еркежан Әлиева.

Жойқын жарылысты естіген көршілері шауып жеткен. 48 жастағы ер адамды құтқарғанымен, әйелін үйіндінің астынан шығара алмады. Еркін ауылына көшіп келгеніне көп болмаған отбасы өткен жұмада табиғи газға қосылыпты. Жарылыс та көп ұзамай, тура сол күні болған. Басынан аяғына дейін күйік шалып, қазір ауруханада ауыр халде жатқан отағасы газды қосқан компанияны кінәләйді.

 «Мәселе салақтық, немқұрайлықтан болып тұр ғой. Олар келіп, апыл-ғұпыл қосып, «болды, дайын» деді де, кетіп қалған. Сол «дайын» деп кеткеннен кейін сондай жағдай болды. Ол жерде газ шыққан. Ештеңе тексерілмеген. Іште газ жиналып қалған. Бірақ бізге білінген жоқ, иісі ауада тұрғаны», - деді Бақыт Мошанов.

 Бірақ жауапты серіктестіктегілер өзін сүттен ақ, судан таза деп санайды. Айтуларынша, мамандардың тарапынан қателік кетпеген. Керісінше, қателік үйдің иелерінен кеткен деп отыр.

 «Сол үйге барған кезде сұйытылған газ баллонның үрпісі мен табиғи газ үрпісі екеуі екі түрлі болады. Темір баллонның үрпісі табиғимен жанбайды. Сол кезде балалар «мынау жанбайды» деп айтқан. Ана кісі бізге пешке газ берсеңдер болды, қалғанын өзіміз деп айтқан екен. Ол кісілер жанағы трассада ауа бар деп, бір кісілер айтқан. Сосын олар кранды ашқан да, үйдің ішінде терезе ашылмаған. Кранды ашып қойған да, отыра берген», - деді «Газпроектстрой» ЖШС басшысының орынбасары Елдар Қожаев.

Қазір қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Кімнің кінәлі екенін тергеу анықтайды. Ал оған дейін әкімдіктегілер қолдан келер көмекті аямаймыз деп отыр.

 «Қылмыстық іс қозғалды. Тергеле бастады. Сараптамадан кейін тергеу жүргізіліп, сот шешімі шығады. Қазір демеушілер қарастырылып жатыр. Ол кісілерді қоныстандыруға және де бала-шағасына көмектесуге», - деді  Қайнар ауыл округінің әкімі Нұрбол Есенбаев.

Ал марқұмның жақындары газды жүргізуге рұқсат бергендерден бастап, көгілдір отынды қосқан мамандарға дейін тексерілуін талап етіп отыр.