Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында қызғалдақтар гүлдеді

Бүгін, 14:04
Айман Нығмет Айман Нығмет
Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында қызғалдақтар гүлдеді
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында қызғалдақтар гүлдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Ахмет Ясауи университетінің «Ботаникалық бақ» ғылыми-зерттеу институтында көктемнің жаршысы, табиғаттың нәзік сыйы – қызғалдақ гүлдері бүр жарып, көркем келбетімен көз қуанта бастаған. 

Белгілі болғандай университет ғалымдары бірнеше жылдан бері жылыжай жағдайында қызғалдақтарды көбейтудің инновациялық технологиясын әзірлеумен айналысып келеді. Бұл зерттеулер 2022-2024 жылдар аралығында Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, "Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп, қолданысқа енгізу" ғылыми жобасы аясында гранттық қаржыландыруға ие болған. 

Жобаның негізгі мақсаты – қызғалдақтың перспективті, жерсіндірілген түрлері мен сорттарын өндіріске енгізу, селекциялық жұмыстар үшін бастапқы материалдар жинағын қалыптастыру және Қазақстанның гүл өсіру саласын дамыту. 

Жоба сәтті аяқталса да университет бағында гүлді өсіру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Алғашында 3 мың дана қызғалдақ егілген жылыжай көлемі бүгінде айтарлықтай ұлғайып, биыл Голландиядан әкелінген 8 мың дана қызғалдақ пиязшығы отырғызылған. 

Қазіргі уақытта жылыжайда қызғалдақтың 14 түрлі сұрыптары өсірілуде, олардың қатарында: Ace of Spades, Barcelona Blanca, Bullit, Crème Fraich, Crisco, Jumbo Beauty, Lady Bell, Pink Stone, Rebellious Yellow, San Luiz, Showroom, Strong Gold, Triple A, Strong Love сынды ерекше сорттар бар. 

Жылдағы дәстүр бойынша ботаникалық бақта өсірілген қызғалдақтар наурыз айындағы мереке күндері университеттің ардагер ұстаздары мен серіктестеріне сый ретінде ұсынылады. Сонымен қатар гүлдерді коммерцияландыру жұмыстары да қолға алынып, сатылымға шығару жоспарланып отыр. "Ахмет Ясауи университетінің ғалымдары қызғалдақ өсіру мен зерттеу жұмыстарын одан әрі жетілдіре отырып, Қазақстанның гүл шаруашылығын дамытуға үлес қосуды жалғастыра береді", - дейді министрлік өкілдері.