Абай Құнанбаевтың мерейтойына 30 мыңнан астам адам қатысады


Абай Құнанбаевтың туған жерінде өтетін шараларға 30 мыңнан астам адам қатыспақ. Бұл туралы Абай облысы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Мұстафин ОКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған 30 мыңнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр. Олардың арасында 15 елден шетелдік делегация, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, жастар, өнер өкілдері және БАҚ өкілдері бар. Қазір Абай ауданында 200-ден астам киіз үй тігіліп жатыр. Шараларды ұйымдастыруға жүздеген мәдениет қайраткері, аспаздар, техникалық мамандар, 530 волонтер, ардагерлер атсалысады.
Оның айтуынша, 1-10 тамыз аралығында 70-тен астам ірі іс-шара, концерттік бағдарлама, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, ұлттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жоба қамтылған.
«Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырлған шаралар бірінше рет 10 күндік ретінде аталып өтуде. 1 тамыз күні «Абай академиясы» атты энциклопедиялық портал іске қосылды. Абай мұрасы цифрлық кеңістікке жол ашты. Семей қаласында ұлттық өнерді, салт-дәстүрді дәріптейтін этноауыл қалашығы ашылды. Белгілі иллюстратор Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі, «Асыл мұра» қолөнершілер фестивалі, «Адамзаттың алыбы хәкім Абай» мерейтойлық концерті өтті», - деді спикер.
Сонымен қатар Түркістан облысының мәдени күндері аясында 2-3 тамызда ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмекесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі және өнерпаздар концерті ұйымдастырылды. Ал, ерекше форматта өтіп, мыңнан астам адам қатысқан «Абай quiz» республикалық зияткерлік ойыны еліміздің рекордтар кітабына ұсынылып отыр.