АӨК жобаларын субсидиялау қағидасына өзгерістер енгізілді
Мемлекет басшысының АӨК субсидиялаудың жаңа ұзақ мерзімді тәсілдерін әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында инвестициялық салымдарға жұмсаған шығыстардың бір бөлігін өтеудің субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Elorda.info АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енгізілген өзгерістер фермерлердің өндірістерді және машина-трактор паркін жаңартуға қолжетімділігін едәуір арттырады. Олар сондай-ақ өсімдік шаруашылығына да, мал шаруашылығына да қажетті техника мен жабдықтардың негізгі тізбесі бойынша субсидияларды есептеуді барынша өзектендіруді көздейді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау мен сақтаудың заманауи жүйесін дамыту, қант саласын, жеміс-көкөніс шаруашылығы мен бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі міндеттерді шешу үшін тиісті бағыттар бойынша өтеу үлесі 30-50%-ға дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек қағидалардың жаңа редакциясында суды үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту басымдықтары ескерілген, - делінген хабарламада.
Қабылданған өзгерістер фермерлердің субсидиялауға қолжетімділігін кеңейтеді, басым шағын салаларды дамытуға жаңа серпін береді және агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Еске салайық, инвестициялық субсидиялау бағдарламасын іске асырудың 9 жылы ішінде 2014-2022 жылдар аралығында 122 мыңға жуық инвестор субсидияланды. Төленген субсидиялар сомасы 617,8 млрд теңгені құрады, 2 501,6 млрд теңгеден астам жеке инвестициялар тартылды.
Субсидиялау ережесі жаңа редакцияда ҚР НҚА эталондық бақылау банкінің сайтында жарияланған.