870-тен астам гидротехникалық нысан мемлекет меншігіне алынды – министрлік

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміздің 10 облысында коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған мекемелер құрылды. Бүгінде олардың балансына 872 нысан қабылданды, 283 арнайы техника берілді, 1 197 маман жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мамандандырылған мекемелердің негізгі міндеті – гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, нысандарды жақсы жағдайда ұстау және жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу.
«Мұндай мекемелер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында ашылды. Осылайша елімізде коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған мекемелердің жалпы саны 16-ға жетті», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ министрліктің бастамасымен облыс әкімдіктері 2025-2027 жылдарға арналған мамандандырылған мекемелердің балансына коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды қабылдау бойынша жол карталарын әзірледі.



