Қызметтік иттердің көмегімен 636 келі есірткі тәркіленді
Елімізде иттердің көмегімен 636 келіден астам есірткі тәркіленді, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Былтыр кинологиялық бөлімшелердің қатысуымен 6 023 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде: 2 360 ұрлық, 188 тонау, 26 қарақшылық, 55 кісі өлтіру деректері. Сондай-ақ 473 одорологиялық зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 378-і оң нәтижелі. Олардың нәтижелері көптеген қылмыстар бойынша дәлелдемелік базаға енгізілген.
Синтетикалық есірткілердің көптеп таралуымен мамандарға қызметтік иттерді осы заттарды іздеуге үйрету міндеті қойылды. Химик-мамандар иісі барлық синтетикалық есірткілерде болатын заттарды бөліп алып, иіс имитаторларын дайындады. Қазір әр облыста полицияда жаңа психобелсенді заттардың иісін анықтап, таба алатын ит бар, - деп жазылған хабарламада.
Кинологтар қызметтік иттерімен бірге есірткі контрабандасы фактілерін анықтау үшін пошта жөнелтілімдерін тексеруге үнемі қатысады.
Кинолог үшін иттің мінез-құлқындағы кез келген өзгерістерді байқау және оның сигналдарын оңай түсіну өте маңызды.
2022 жылы олардың көмегімен 636 келіден астам есірткі, оның ішінде 114 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді. Кинологиялық қызметтің арқасында есірткінің заңсыз айналымының 900-ге жуық фактісінің жолы кесілді, - деп жазылған хабарламада.