Қазақы ит тұқымдарын сақтау бойынша заң жобасы қабылданды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлады Elorda.info Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазақы тазы мен төбет ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша уәкілетті орган ретінде белгіленген.
XX ғасырда әртүрлі - экономикалық, саяси, идеологиялық себептерге байланысты, аталған ит тұқымдарының саны азая бастады. Қазақы ит тұқымдарының басқа ит тұқымдарымен араласуына, сонымен қатар, оған көңіл бөлудің аз боуына байланысты иттердің бастапқы тұқымдық қасиеттері жоғала бастады. Қазақы ит тұқымдарының гендік қорының деградациясияға ұшырау қаупі төнді.
Осыған орай, қазақы тазы мен тобет тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мақсатында аталған заң жобасы аясында уәкілетті органның құзіретіне нормативтік-құқықтық актілерді бекіту, оның ішінде қазақы ит тұқымдарына арналған ұлттық орталықты айқындау кірді. Орталықтың қызметіне қазақы ит тұқымдарын сақтау, өсімін молайту бойынша қызметті жүзеге асыру, аталмыш ит тұқымдарымен жұмыс жасайтын сарапшы мамандарды оқыту, кинологиялық қызмет бойынша сарапшыларды оқыту, шығу тегі туралы куәлік бере отырып, ит тұқымдарының санын көбейту, бірыңғай асылтұқымдық иттер кітабын жүргізу, жеке және заңды тұлғалармен бірлесіп, қазақы ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу, аталған жануарларға арналған әртүрлі дәрежелі сынақтар, көрмелер, байқаулар, жарыстар ұйымдастыру және өткізу кіреді.
Қазақ ит тұқымдарының ұлттық орталығы уәкілетті органның жұмыс істеп тұрған мамандандырылған «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұйымының құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылатын болады.
Сондай-ақ, ғылыми ұйымдар уәкілетті органмен, ұлттық орталықпен, кинологиялық қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеуді жүзеге асыратын болады.
Бұдан басқа, мемлекет тарапынан қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерге бағытталатын Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс түрінде қолдау көзделген.
Осы шаралардың барлығы Жеті қазынаның бірі, қазақ халқының мақтанышы тазы мен төбет ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту бойынша қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді.