Отандық өндірушілерге 240 миллион теңге көлемінде шығын өтелді
Отандық өндірушілерге 240 миллион теңге көлемінде шығын өтелді, деп хабарлады Elorda.info ИИДМ-ге сілтеме жасап.
Биыл қаңтар айынан бастап «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру шеңберінде шығындардың бір бөлігін өтеуге 337 өтінім келіп түсті. Өтінімдерді қарау барысында 41 өтінім бойынша шығындарды өтеу туралы шешім қабылданды, - деп жазылған хабарламада.
Өтелген қаражаттың жалпы сомасы - 240 миллион теңге. Қаражаттың ең көп үлесі машина жасау саласындағы өтінімдерге тиесілі. Бұл бағытта 15 өтінім мақұлданды.
Сондай-ақ металлургия және металл өңдеу, АӨК, ағаш өңдеу, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру салаларының кәсіпорындарының шығындары да өтелді.
Естеріңізге сала кетейік, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу келесідей төрт бағыт бойынша жүргізіледі: қызметкерлердің құзыретін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеу; технологиялық процестерді жетілдіруге жұмсалған шығындарды өтеу; өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеу және цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындарды өтеу.