15 мамыр – Халықаралық Отбасы күні


Жыл сайын, 15 мамыр күні әлемде Халықаралық Отбасы күні атап өтіледі. Бұл күн 1993 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясымен бекітілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мерекенің негізгі миссиясы – қоғамның назарын отбасы проблемаларына, отбасы құндылықтарын тәрбиелеу және нығайту мәселелеріне аудару.
Отбасы күні елімізде де әр жыл сайын 15 мамырда аталып өтеді. Бұл күнді мерекелеу отбасылық құндылықтарды нығайтуға негізделген.
Қоғамда отбасы – әрқашан рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, жанұя жылулығын сөндірмей, керегесін кең ұстап, тарих толқынымен келе жатқан киелі бақ мекен.
Отбасы құндылығы жөнінде «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.
Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстандықтардың өмірінде отбасы ерекше орын алады. Мықты және бақытты отбасы – бүкіл қоғамымыздың, бүкіл мемлекетіміздің табысты дамуы мен өркендеуінің негізі.



