Нұр-Сұлтанда кезекте тұрғандарға пәтер кілті табысталды
Жаңа қоныстанушыларға кілттерді елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов табыс етті. Үйлер Есіл ауданында орналасқан (Е34 және Е44 көшелерінде).
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы күні қаланың жаңа ауданында жаңа пәтерлердің кілтін тапсыру мен үшін үлкен құрмет. Бүгін осы үйдің маңында біз ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 4 мың оқушыға арналған BINOM мектебін аштық. Әрине, бұл ауданда әлі көп жұмыс бар. Инженерлік инфрақұрылым бойынша жұмыстарды жалғастырамыз, жолдар мен өтпе жолдарды, қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастырамыз. Бірақ, ең алдымен, біз жұрт өмір сүріп, балаларын оқыта алуы үшін тұрғын үй мен мектеп ашамыз. Болашақта бұл аудан елордадағы ең жайлы орындардың біріне айналатынына сенімдімін. Баршаңызға амандық, денсаулық, бақыт, табыс тілеймін! Қоныс тойы құтты болсын!» – деді Нұрлан Нұркенов кілттерді тапсыру кезінде.
Қоныс иелерін «Отбасы банк» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова да құттықтады.
«Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен, сондай-ақ қоныс тойларыңызбен құттықтаймын! Жаңа үйлеріңізде береке мен молшылық болсын! Құрметті қоныс иелері, сіздерді жаңа баспаналарыңызбен құттықтаймын! Үйлеріңізге жылулық, денсаулық және жайлылық тілеймін!» – деді ол.
Бибігүл Тұрабаева елордада 2007 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Бүгін ол баспаналы болған бақытты жандардың қатарында.
«Мен елорда тұрғынымын, №1 балалар ауруханасында медбике болып жұмыс істеймін. 2007 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұрмын. Бүгін мереке күні баспаналы болып отырмын. Осындай маңызды оқиға бүгін болғанына қуаныштымын. Қазақстанның барлық азаматын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын! Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық тілеймін!» – деп қуанышымен бөлісті Бибігүл Тұрабаева.