00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мадияр Қожахмет: волонтер-заңгерлердің еңбегі бір реттік акция емес, үлкен жұмыстың бір бөлігі

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мадияр Қожахмет: волонтер-заңгерлердің еңбегі бір реттік акция емес, үлкен жұмыстың бір бөлігі
ашық дереккөз

«Еріктілер жылы аясында елімізде көптеген акция өтті. Оған заңгерлер белсенді қатысты. Жалпы адвокаттар қауымдастығында мұндай қызмет тек акциялар мен оларға арналған іс-шаралар аясында ғана қолданылмайды. Азаматтарға кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге қатысқан адвокаттар клиентке заң көмегіне жүгінген сәттен бастап іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға дейін көмектеседі», - дейді Мадияр Қожахмет.

Комитет төрағасы волонтерлік жобалар аясында базарларда, ХҚКО, «Қазпочта» бөлімшелерінде тегін құқықтық консультациялардың өткізілгенін және волонтер-заңгерлердің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, «құқықтық сауаттылық. Барлығы менің құқықтарым туралы» тақырыбында тренингтердің өткізгенін атап айтты.

Мадияр Қожахметтің айтуынша, құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру шараларына нотариустар да, сот орындаушылары да, тіпті, студенттер де қатысады.

«Осы орайда, студент- заңгерлер туралы жеке тоқталып өткім келеді. Біздің заң университеттеріміз атқарушылық іс жүргізу саласындағы барлық өзекті мәселелер бойынша тегін құқықтық консультацияларын жиі ұсынады. Бұл ретте заңгер-студенттер қажетті тәжірибе алса, ал азаматтар қажетті көмек алады», - деп атап өтті Мадияр Қожахмет.

Жедел заң көмегі

Естер Бабаджанян «КАЗГЮУ» жанындағы Құқық жоғары мектебі базасында құрылған заң клиникасының жұмысы туралы айтып берді.

«Бұл студенттердің жедел медициналық көмекке ұқсас алғашқы заң көмегін іске асыруының бір үлгісі. Студенттер заң клиникасындағы тағылымдама аясында клиенттерге кеңестер беріп, құқықтық сипаттағы түрлі құжаттарды жасау бойынша көмектеседі. Бұл талап арыздары, шағымдар, мемлекеттік органдарға өтініштер, келісімшарт жобалары болуы мүмкін», - деді Естер Бабаджанян.

Оның айтуынша, кейбір жағдайларда волонтер-студенттер сотқа дейінгі кезеңде тараптарды татуластыруға көмектеседі. Заң клиникасында осындай көмек түріндегі бірқатар сәтті жағдайлар бар. Бұл көбінесе еңбек даулары. Ал банкке қатысты даулар азырақ.

Волонтер көмекке келді

Заң клиникасының басшысы студент Арман Өмірбековтің азаматшаға атқарушылық іс жүргізу сатысында қалай көмек көрсеткенін айтып берді.

«2006 жылы елорданың көпбалалы тұрғыны туыстарының өтініші бойынша ірі көлемді несие алған. Ал жақындары ол соманы өздері төлейтіндерін айтып сендірген. Нәтижесінде олар өз міндеттемелерін орындамайды, айлық төлемдерді кешіктіреді. Сөйтіп, банк істі коллекторлық бюроға берді. Ал коллекторлар азаматшадан қарызды өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінеді. Талап қоюшы сотқа арызды уақытынан кешіктіріп бергеніне қарамастан, әйелден ақшаны толығымен өндіріп алады. Келіншекке сот отырысының өтетін күні мен орны туралы хабарланбайды. Осыған байланысты ол отырысқа қатыса алмады және сотқа талап қою мерзімінің өтіп кеткенін айта алмайды», - деді заң клиникасының басшысы.

Естер Бабаджаняның айтуынша, соттың сырттай шешімі негізінде көпбалалы анаға қатысты атқарушылық іс жүргізу қозғалған, оның аясында азаматшаның жеке қаражаты ғана емес, сонымен қатар балаларға арналған жәрдемақы да өндірілген.

Құқықтық сауаттылық қорғады

«Арман азаматтық іс материалдарымен танысу туралы өтініш дайындады. Нәтижесінде азаматша сот шешімімен тек осы күні ғана танысқаны туралы қолхат жазды. Студент дәл осы қолхаттың негізінде сырттай шешімнің күшін жою туралы арыз дайындады. Оны сот қанағаттандырды. Сөйтіп, коллекторлық бюроның бастапқы талабы мәні бойынша қаралды. Біздің студентпен кеңескеннен кейін әйел ескіру мерзімін қолдану туралы өтініш берді. Сот оны да қанағаттандырды. Осылайша, Арманның заң аясындағы сауатты іс-әрекеттерінің нәтижесінде көпбалалы ананың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Сот шешімі оның пайдасына шығарылды».

Студенттерге – тәжірибе, азаматтарға – көмек

Волонтер-студенттердің тәжірибесінде тұрғын үй құрылысында үлестік қатысуға байланысты жағдайлар да болды. Мысалы, азамат құрылыс компаниясынан өз міндеттемелерін орындамауына байланысты шығындарды ұзақ уақыт бойы өндіріп ала алмаған. Содан кейін студенттер талап арызды дайындап, қала тұрғынына шешім қабылдағанға дейін консултация беріп келді. Сот арыз берушінің барлық талаптарын қанағаттандырды. Кейіннен волонтерлер оған атқарушылық іс жүргізу сатысында да көмектесті. Студенттер көмек пен консультация беруден бөлек, жастар арасында құқықтық тәрбие мен құқықтық сауаттылықты арттыруға қатысады.

«Біздің студент Нұргүл Мұхит мектептерде, тәрбие мекемелерінде және балабақшаларда шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Ол балаларға ойын түрінде, ал ата-аналарға интерактивті түрде өтеді. Студенттердің ішінен Альфия Сағындықова, Нафосатхон Давронбекова, Алуа Секішева және Сырым Молдабек соттар мен татуласу орталығының базаларында үлкен жұмыс атқаруда. Жеткілікті тәжірибелері бар бұл волонтерлер клиенттерге ауызша кеңес бере алады және құжаттарды тапсыруға көмектеседі. Балалар үшін бұл тәжірибе, ал жоғары оқу орындары үшін бұл студенттерде заңгердің әлеуметтік жауапкершілігіне тәрбиелеу болып табылады», - деп сөзін қорытындылады Естер Бабаджанян.

Жанар Дәуітова.