Азаматтарға 100 млн теңгеден астам шығын келтірген алаяқ ұсталды
17 қазанда Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 23 жастағы қала тұрғыны арызданды. Ол белгілі бір адамның алаяқтық әрекетінің құрбаны болғанын хабарлады.
“Жас жігітке шұғыл түрде 6 миллион теңге несие керек болған. Банк оған қажетті соманы беру үшін кепілге мүлік қою қажеттігін ескерткен. Осы кезде оған бір жігіт бірден үш көлікті кепілге беріп, банктен ақша алуға көмектесемін деп уәде берген. Уақыт өте келе, кепілге қоятын көлікке, банктегі ақшаға да қол жеткізе алмаған жәбірленуші полицияға жүгінген. Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады”, – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 27 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, алаяқтың осыған ұқсас тағы 25 қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды. Оның келтірген материалдық шығынының жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты.
Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.