Қазақстан Әзербайжанмен тұрақты әуе қатынасын қалпына келтірді
Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 21 қыркүйектегі шешіміне сәйкес Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тұрақты әуе қатынасы қалпына келтірілуде.
Атап айтқанда, 2021 жылғы 7 қарашадан бастап «Air Astana» әуе компаниясы «Embraer Е190 – Е2» әуе кемесімен Алматы-Баку бағытында ұшуды жоспарлап отыр. Рейс аптасына 2 рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Сонымен қатар, «Әзербайжан Хава Йоллары» әуе компаниясы 2021 жылғы 6 қарашадан бастап «А – 319» әуе кемесімен Алматы-Баку бағытында ұша бастайды. Рейс аптасына 1 рет – сенбі күні орындалады.
«Әзербайжанмен арадағы әуе рейстерінің санын арттыру эпидемиологиялық жағдайға, ведомствоаралық комиссияның шешімдеріне және Әзербайжанның тиісті мемлекеттік органдарының шешімдеріне байланысты қабылданады. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады», – делінген ИИДМ ақпаратында.