Зулфухар Ғайыпов: Астана халқымыздың құт мекеніне айналды
Осыдан 27 жыл бұрын, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмолаға ресми көшірілді. Осы атаулы күннің қарсаңында саяси ғылымдардың докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, елордалық Қоғамдық кеңестің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Зулфухар Ғайыпов пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Астанамыздың арқа төріне көшкеніне ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданған бұл маңызды шешімге алғашында бұқараның үркіп қарағаны ешкімге жасырын емес. Жаңадан егемендік алып, бұрынғы одақтық байланыстар үзіліп, экономика шатқаяқтап тұрғанда, бұл бір авантюралық қадамдай көрінген еді. Бүгінде ел астанасын орталыққа көшіргеніміз дұрыс шешім болғанын уақыт дәлелдеп берді және бұл өзгерісті жалпы қазақ елі дұрыс бағалады. Дана бабаларымыздан қалған «Елге ел қосылса - құт» деген қанатты сөз бар. Осы нақыл сөз шын мәнінде қазақтың басына құтпен береке болып Астанамыздан көрініс тапты», - дейді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Зұлфухар Ғайыповтың сөзінше, Астана бүкіл Орталық Азияның мақтанышына айналды.
«Қысқа мерзімде елордамыз сан жағынанғана өсіп қоймай, сапа жағынан да өзгерді. Астанада қаншама мәдениет ошақтары, жаңа оқу орындары ашылды. Қаланың заманауи сәулеті, дамыған инфрақұрылымы және халықаралық деңгейдегі ірі шараларды ұйымдастыруы оның халықаралық аренадағы мәртебесін арттыра түсті. Елордамыздың дамуы - халқымыздың бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімінің дәлелі. Астана - халқымыздың құт мекеніне айналды», - дейді Ұлттық құрылтай мүшесі.