Жолаушылар пойыздарын тексеру кезінде 140 ереже бұзушылық анықталды

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы тексеру топтары жолаушылар пойыздарында күн сайын рейдтік тексерулер жүргізіп келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мақсат – жолаушыларды, багажды және жүк-багажды теміржол көлігімен тасымалдау қағидалары мен тасымалдаушының ішкі регламенттерін бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу.
«Жаз маусымы басталғалы комиссия шамамен 140 ереже бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде билетсіз жол жүрудің 6 дерегі және рәсімделмеген 135 килограмм багаж тасымалдау фактілері бар.
Билетсіз жол жүру жағдайлары «Алматы – Жезқазған», «Қызылорда – Семей», «Өскемен – Алматы», «Астана – Жезқазған», «Ақтоғай – Аягөз» және «Астана – Көкшетау» бағыттарындағы пойыздарда анықталды», - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тексеріс қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Рейдтер жүйелі түрде барлық бағыттарда жалғаса береді.