«Жол қателікті кешірмейді»: Жол апатынан зардап шеккендер үндеу жасады (ВИДЕО)


Атырауда жол апатынан зардап шеккен жандардың қатысуымен акция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Патрульдік полиция батальоны жол-көлік оқиғасы салдарынан арбаға таңылған жандармен бірге ерекше форматтағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акцияның басты мақсаты — тұрғындарға жолда абай болудың маңыздылығын түсіндіру және өмірдің бір сәтте өзгеріп кетуі мүмкін екенін көрсету. Полиция қызметкерлері мен акция қатысушылары қала көшелерінде жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.
- Бүгінде Атырауда 400-ден астам адам жол апатынан зардап шеккен. Өзіміз де осы жағдайды бастан өткерген соң, жол апатының салдары қандай ауыр болатынын жақсы түсінеміз. Жол қателікті кешірмейді. Сондықтан жолда әрдайым абай болыңыздар, – деді қоғам белсендісі Есболат Балабаев.
Іс-шара барысында қала тұрғындары арбаға таңылған жандардың шынайы оқиғаларын тыңдап, терең әсер алғандарын жеткізді. Бұл үндеу әрбір адамды жолда жауапкершілікпен жүріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.