Жаппай жұмыстан босап жатқан атыраулық мұнайшылар шарттарын айтты


«Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты мекемелерде Болашақ кеңейту жобасының аяқталуына байланысты қызметкерлерді жаппай босату жүріп жатқаны белгілі. Осыған байланысты Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғындарының ауданы әкімдігі, ТШО және оның мердігер компанияларының өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz PetroCouncil.kz-ке сілтеме жасап.
Аудан орталығы Құлсарыда өткен кездесуде жылыойлықтар жұмыспен қамтушыларға бірқатар шарттар қойды. Жиналған азаматтар келесі қағида бойынша компанияға қарасты мекемелердегі жұмыстан кезең-кезеңімен босату алгоритмін әзірлеуді талап етті.
Олардың талабы бойынша жұмыстан босату төмендегідей кезекпен жүзеге асырылуы тиіс.
- бірінші кезекте алыс және жақын шетелден келген шетелдік қызметкерлер;
– екінші кезекте ҚР басқа өңірлерінің тұрғындары;
- үшіншіден Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары;
- соңғы кезекте Атырау облысының тұрғындары жұмыстан босауы қажет.
Сондай-ақ, Жылыой ауданының аумағында жаңа жобалар іске қосылған жағдайда жергілікті халықты бірінші кезекте жұмысқа орналастыру талабы айтылды.
Жиналғандар барлық талаптарды ресми түрде құзыретті органдардың атына жіберуге ниетті.
Кездесуде басқа да мәселелер талқыланды.



