«Зейнеткерлердің қарызын кешіруді ұсынамын»: депутат Үкіметке сауал жолдады


Мәжіліс отырысында депутат Қайрат Балабиев қарызға белшеден батқан азаматтарға көмек көрсету үшін қабылданған заң мен банкроттыққа тапсыру тетігі дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қарызға белшеден батқан азаматтарға көмек көрсету үшін банктерге берешегін кешіріп, соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тануға, төлем қабілетін арттыруға арналған Заңды Мәжілісте жан-жақты қарап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын. Аталған Заң борышкерлердің ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, өтініш беруге оңтайлы жағдай жасауы тиіс еді. Сондай-ақ, оның шарттарында 6 млн. 291 мың теңгеден аспайтын қарыздарды банкроттыққа тапсыруға болатыны көрсетілген. Алайда, шын мәнісінде, бұл Заң да, банкроттыққа тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ»,- деді Қайрат Балабиев.
Мәжіліс депутаты салдарынан зейнеткерлер зейнетақысынан қағылып жатқанын атап өтті.
«Қолда бар жалғыз ресурс «Е-өтініш» қосымшасы арқылы жолданған өтініштер қанағаттандырылмай отыр. Соның салдарынан өмір бойы бейнеттеніп зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер зейнетақысынан қағылып жатыр. Көпшілігінің банктер алдында төленбей қалған қарыздары бар. Сот орындаушылары бәрінің есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығу мүмкіндіктерін шектеп тастаған. Жағдайды зерттесек, зейнетақы «кіріс көзі» болып саналады және зейнетақы әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатқызылмаған»,- деп түсіндірді ол.
Қайрат Балабиев өз сөзінде, «Е-мобил» қосымшасы арқылы банкроттыққа тапсыру тетігі жергілікті салық органдарының құзыретіне берілгенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар борышкерлердің мүддесіне жұмыс істеу керегін айтты.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды, Республикалық базадан банктерде берешегі бар зейнеткерлерді бақылап анықтауды, құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тану процесін жеңілдетуді, зейнеткерлердің қарызын кешіруді, барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» мекемесінен де зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттарды жаппай ашуды ұсынамын»,- деді депутат.



