Ынталанудың өзі болашақтағы үлкен өзгерістердің бастауы- психолог
Жылдың соңы әр адам өзіне есеп беріп, өткен 12 айда өзім үшін, қоғам, отбасым үшін не жасадым деп ойланатын, іштей болса да қорытынды жасайтын уақыт. Психологтардың айтуынша, жылдың соңында шаршау мен жалығудан адамдардың жұмысқа деген қабілеті, ынтасы төмендейді, эмоционалдық күйзеліске түсуі жиі кездеседі. Elorda.info тілшісі мереке қарсаңында көңіл-күй тепе-теңдігін ұстап тұру мен жұмыстан жалықпаудың жолы жайлы Qundylyq орталығының Психология бөлімінің басшысы Жанат Жүбекешеваның кеңесін жазып алды.
Жаңа жыл алдында адамдар өткен жылына қорытынды жасауы заңдылық. Бірі жеткен жетістігіне марқайып, шаттанып жатса, енді біріне уақыт босқа өтіп кеткендей болуы мүмкін. Мұндай жағдайда күйзеліске түспеу үшін, мерекелік көңіл-күйін бұзбауы үшін қандай қадамдар жасаған дұрыс?
Психологияда эмоционалды жану деген түсінік бар. Яғни адам жұмысынан, не басқа да бір жағдайлардан әбден жалығып, ынтасы төмендейді. Еңбек өнімділігі де азаяды, бұрын шабыт сыйлайтын дүниелердің ешқайсысы қызықтырмайды. Мұндай адамдар айналасындағы жандарға қарап, өзін солармен салыстырып, нашар сезінуі мүмкін. Оларға психологтың көмегіне жүгінуге кеңес берер едім. Бұл қысылатын нәрсе емес. Бұндай жағдай барлығының басынан өтуі мүмкін екенін қабылдап, өзін кінәлі сезінбей, кішкентай, бірақ нақты қадамдар жасап, жауапкершілікті қолға алған абзал. Жалпы алғашқы қадам жасалса, шешімдер өздігінен тізбектеліп көріне бастайды. Бірден нәтиже күту дұрыс емес. Ынталанудың өзі болашақтағы үлкен өзгерістердің бастауы.
Эмоционалды жану дегенді біздің қоғам неліктен әлі қабылдамай отыр? Көбінесе бұл жалқаулық немесе еріккеннің ісі деп ойлауымыздың себебі неде?
Біздің қоғамның мұны қабылдамауының бірнеше себебі бар. Соның бірі ол прогрессивті даму түсінігінің толық қамтылмағаны. 90 жылдары, оның алдында да ата-бабаларымыз көп қиыншылық көргеннен кейін бізде «екі қолға бір күрек табылса болды» деген түсінік қалыптасқан. Ол жұмыс саған ұнай ма, болмаса жалықтың ба деп ешкім сұрап жатпайды. Психологияда бұндайды постгенерациялық жара деп атаймыз, ата-бабасының көрген эмоционалды қиыншылығы жаңа ұрпаққа беріледі деп саналады. Дегенмен өткен қиыншылықты бірге алып жүріп, қазіргі өмірдің шарттарына сай болсақ прогрессивті дамуға жетеміз.
Ұжымдағы эмоционалды жануға түскен қызметкерді қалай анықтауға болады?
Мұндай адамдар жұмысқа үнемі кешігіп келеді, салғырттық танытады, ережелерге бағынбайды, берілген тапсырманы уақытында орындамайды. Қызығушылығы мен жауапкершілігі азаяды. Психосоматика бойынша қарасақ, ол жиі ауырып қалуы мүмкін. Алайда әрбір белгіні нақты зерттеп, адаммен жеке жұмыс жасалуы қажет. Себебі әрбір адам өзінше бір дүние.
Оның алдын алу жолы қандай?
Біріншіден мақсат айқын болуы керек. Z ұрпағын мысалға алайық. Қазіргі жұмыс орнындағы жастардың көбі Z ұрпағы. Жалпы, ұрпақтар теориясына үңілсек, олар үшін әрбір әрекеттің анық болуы маңызды. Екінші фактор ол жасалып жатқан жұмыстың қоғамға пайдалы болуы. Яғни тиімді жұмыс жасалуы үшін адамдарда айқын мақсат болса, барлығы сол мақсатқа бірге әрекет етсе және ол істің қоғамға пайдасы бар екеніне сенімді болса, қызметкерлер күйзеліске түспейді.
Екіншісі әрине ол жаңашылдыққа әрдайым ашық болу. Жылдар, айлар бойы өзгеріссіз, тек күнде қайталанатын әдет бойынша әрекет етуден бас тартып, ізденісте болу керек. Жаңашылдық жаңа дем береді, адамның кеңістігі ашылады, жаңа идея келіп, жұмысқа деген ынтасы оянады. Дегенмен кейбір адамдарға бір сарынды, қалыпты өмір ұнайтынын, ал екіншісі жаңалықты қалап тұратынын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан нақты былай жасау керек деп айту қиын.
Тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, эмоционалдық жану көбінесе қай мамандық иелерінің арасында жиі кездеседі?
Жалпы кез келген мамандық иелері эмоционалды күйінуге түсуі мүмкін. Кәсіби жағынан мақсаты болмаса немесе процесс барысында мақсаттың жоғалуы, ұмытылып кетуі оған себеп болады. Көкейінде асыл мақсаты жоқ адам жасап жатқан дүниесінен ләззат ала алмайды. Өзімнің ортама қатысты айтатын болсам, көбінесе мұғалімдерде кездеседі. Өйткені жыл сайын бір тақырыпты қайта-қайта түсіндіруге тура келеді. Сол үшін біз «Білім-Инновация» ХҚҚ қорының лицейлерінде және кейбір жеке меншік мектептерде қызмет ететін мектеп психологтарына тұрақты түрде кәсіби қолдау көрсетуді қолға алдық. Мектеп бағдарламасында көбіне ұрпақтар теориясын ескере отырып, оқушыларға арналған әдіс-тәсілдер ғана өзгеріп отырады. Cосын бізге «Неліктен мұғалімге ұсынатын техникаларды да жаңартпасқа?» деген ой келді. Оқушыларға арналған жаңа әдістеменің ішінде «геймификация» деген бар. Бұл оқу, жаттығу, жұмыс және күнделікті өмір сияқты көбінесе көңіл көтеруге арналмаған процестерге ойын әдістерін енгізе отырып, қызықтыру және жеңілдету. Демек кәсіби дағдарыстың, эмоционалды жанудың алдын алуды квест жанрында өткізсе болады. Біз ұйымдастырған квестке қатысушылардың барлығы мұндай шараның көңілдерінен шыққанын айтып, оң пікірлерін білдірді. «Бала сияқты болдым», «билегенді ұнататыным есімнен шығып кетіпті», «әріптестерімді басқа қырынан таныдым» деп алған әсерлерімен бөлісті.
Эмоционалды жанудың себебі сан түрлі болумен қатар, шешімі де әртүрлі. Алайда, әр адамның шешімі өзінде болумен қатар, күш-қуаты сарқылғанын ескере отырып, көбіне мұндай профилактикалық техникалар энергия толықтыру, ресурс жинауға бағытталса керек. Бірақ тоқсанына бір рет болса да ұжымның ішінде тренингтер, челлендждер, басқа да түрлі интерактивті іс-шаралар өткізілсе қызметкерлердің эмоционалды жануына жол бермеуге болады.
-Сұқбатыңызға рахмет!