Тұрақты тіркеуі жоқ қазақстандықтарға зейнетақы мен жәрдемақы төленбеуі мүмкін

Бүгін, 17:33
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views74
Тұрақты тіркеуі жоқ қазақстандықтарға зейнетақы мен жәрдемақы төленбеуі мүмкін
Фото: Pixabay.com

Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауды тоқтату мүмкіндігі талқыланып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ашық НҚА» сайтында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын жариялады.

Құжатта қандай да бір себептермен тіркеуі жоқ немесе оны растай алмаған азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді тоқтату идеясы келтірілген.

Қазіргі уақытта елімізде тұрақты тіркеуі жоқ 100 мыңға жуық адам зейнетақы мен жәрдемақы алады, тағы 28 мыңы уақытша тіркеуде тұр. Бұл адамдар үшін елде тұру фактісі расталғанға дейін төлемдер тоқтатылуы мүмкін.

Толық мемлекеттік қамсыздандырылғандар да шектеулерге тап келуі мүмкін. Бұлар - интернаттар мен стационарлардағы қарттар мен мүгедектер, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар.

Бүгінгі күні олардың зейнетақылары мен жәрдемақылары мекемелердің арнайы шоттарына аударылады, бірақ соманың бір бөлігі (30 немесе 70 пайыз) алушыда қалады. Жаңа редакцияда қаржының тек 30 пайызын жеке шығындарға қалдырып, ал қалғанын бюджетке жіберу көзделеді, өйткені тамақ, баспана және күтім онсыз да мемлекет тарапынан төленеді.