00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 43 мың волонтер жұмылдырылды

22 сәуір, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Су тасқынына қарсы іс-шараларға 43 мың волонтер жұмылдырылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ел бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан волонтерлер саны 43 мыңнан асты. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.

Волонтерлер күшімен 6 640 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды, оның 4 048 тоннасы «қызыл» аймақтарға жеткізілді және зардап шеккен халыққа таратылды.

Волонтерлер эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинауға және таратуға, бөгеттерді күшейтуге және ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысып, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетті.

Ақтөбе облысында волонтерлер бірлігі мен жұмылған күшінің арқасында 308 тонна азық-түлік, 85 тонна азық-түлік емес қажетті тауарлар және 223 килограмм дәрі-дәрмек эвакуациялық пункттерге бөлінді. 10 мыңға жуық құтқарушы мен эвакуацияланған тұрғындар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылды.

Атырау облысында волонтерлер штабы шұғыл режимде жұмыс істеуде. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 13 мыңнан астам волонтер жұмылды.
Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінде бүгінгі таңда 1 390 тоннадан астам тауарлар мен заттар жиналды, - делінген министрлік ақпаратында.

Атырау қаласында бөгет күшейту үшін 107 пункт орнатылған. Бөгет тұрғызу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Волонтерлер мен ауылдық округ тұрғындарының бастамасы бойынша су шайып кетпес үшін, бөгеттер тұрғызылып жатыр. Газ құбырлары мен электрмен жабдықтау сияқты инфрақұрылымдық объектілерді қорғауға ерекше назар аударылды.

Батыс Қазақстан облысында құтқару жұмыстарына 8000 волонтер қатысты. Көмек жинау пункттерінде 415 тонна гуманитарлық көмек жиналды.

Қостанай облысында 3500-ден астам волонтер азаматтарды эвакуациялау және гуманитарлық көмек пункттерінің жұмысына қатысады.

Шымкентте 1 500-ге жуық волонтер жұмылдырылып, олардың бір бөлігі зардап шеккен өңірлерге жол тартты.