Сенат төрағасы ашаршылық туралы жинақты көпшілікке таныстырды
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысында мәслихат депутаттарымен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Сенаттың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ол Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағының жаңа томдарын көпшілікке таныстыру рәсіміне қатысты.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор Долинка ауылында орналасқан «ҚарЛаг» музейіне барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті. Қасіретті кезеңнің ізі қалған осы тарихи орында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағының жаңа 6-7-томдары жұртшылыққа таныстырылды. Іс-шараға тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Сенаттың қолдауымен іске асырылған жинақтың 2021 жылы бес томы жарық көрді.
Аталған құжаттар хроникасының авторлары белгілі отандық ғалымдар мен тарихшылар. Еңбекке енген құжаттардың басым бөлігі бұрын-соңды Қазақстанда жарияланбаған. Тіпті, кітапқа басылған сол кездегі анықтама, бұйрық, қарарлардың бір бөлігі бүгінге дейін құпия сақталып келген.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқы үшін аса ауыр болғанын, тіпті ұлт ретінде сақталып қалуға үлкен қауіп төнгенін айтты. Сол тұстағы алапат ашаршылық пен аяусыз қуғын-сүргінді зерделеп, оның ақиқатын тануға тек Тәуелсіздік алғаннан кейін қол жеткенін де тілгі тиек етті. Бүгінге дейін ғалымдар бұл тақырыптар бойынша көптеген зерттеулер жүргізіп, архив материалдарымен жұмыс істеді. Алайда, көп құжаттың құпия белгісімен сақталуы және олардың жеткіліксіздігі тарихшылардың жұмысына кері әсерін тигізіп келді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда ашаршылық тақырыбын зерттеу жұмыстары жандана түсті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы да бастама көтерді. Соның аясында мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бұрын құпия болып келген көптеген архив материалдары ашылып, қуғын-сүргінге қатысты құжаттар негізінде көп томдық жинақ жарық көрді. Дегенмен, әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата төрағасы аталған тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеу мәселесін күн тәртібінен түсірмеу керектігін де атап өтті. Ол Сенат бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын, қолға алынған іс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Соңғы екі жылдың ішінде Сенаттың бастамасымен ашаршылық тақырыбына арналған бес томдық құжаттар жинағы әзірленді. Соның аясында бұрын еш жерде жарияланбаған бірегей құжаттар жиналды. Жұмыс мұнымен тоқтамай, жалғасын тауып, нәтижесінде бүгін аталған жинаққа жаңа екі том қосылып отыр. Бұл жеті томдық жинақ – Сенаттың ашаршылық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Сол себепті, Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғаса береді деп сенеміз, – деп Мәулен Әшімбаев жинақтың жаңа томдарының жарық көруіне атсалысқан ғалымдар мен редакция алқасына алғысын білдірді.
Сонымен қатар облысқа сапары барысында Сенат төрағасы жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтарын талқылады.
Осы орайда Палата спикері өзара іс-қимылды жаңа форматта жүргізудің маңызды екенін айтып, бұл қадам қолға алған бастамаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарын заң шығару үдерісіне белсенді қатысуға шақырды және өңірдегі өзекті проблемаларды шешудің жаңа жолдарын ұсынды.
Қарағанды еліміздің индустриялық орталығы екені белгілі. Өндірісі қарқынды дамыған бұл облыстың мемлекеттің экономикасында алатын орны ерекше. Президентіміз әрдайым экономикамызды әртараптандыруға баса мән беріп келеді. Қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту – еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл ретте қазба байлыққа ғана арқа сүйеп отырмай, шикізаттық емес саланы жан-жақты дамыту аса маңызды. Сондай-ақ өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да бірлесіп жұмыс істеу аса маңызды. Бүгінгі кездесуіміздің нәтижесінде осы бағыттар бойынша аталған міндеттерді іске асырудың құқықтық негізін қалыптастыруға ықпал ететін ұсыныстар әзірленеді деп сенеміз, – деген Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты алдағы уақытта да мәслихаттармен байланысты одан әрі жандандыра беретінін айтты.
Одан бөлек, сенаторлар Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құрамымен және студенттерімен кездесті. С. Сәпиев атындағы Бокс орталығына арнайы барып, ерекше қажеттілігі бар спортшылардың боччадан ашық жаттығуына қатысты. Мәулен Әшімбаев тағдырдың сынына тап болса да мойымай, спортпен шұғылданып жүрген жандардың ерік-жігері қолдауға лайық екенін айтып, алдағы уақытта да елімізде инклюзивті орта құру жұмысы жалғаса беретініне назар аударды.