Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың киім үлгісі өзгереді
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өрт сөндірушілер мен құтқарушылар үшін жаңа киім үлгісін әзірлеуге кірісуді тапсырды, деп хабарлады Elorda.info ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін ведомствоның аппарат отырысында айтылды. Министрдің тапсырмасына сәйкес, жауапты қызметкерлерден тұратын жұмыс тобы құрылады, олар ыңғайлы және функционалды арнайы форма жасау жөніндегі қатардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың барлық ұсыныстарын ескеретін болады. Жұмыс тобы осы бағыттағы ең жақсы әлемдік тәжірибелерді де зерттейді.
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары көбінесе жеке құрам үшін қиын әрі күрделі түрде өтеді. Осыған байланысты форма ыңғайлы да, функционалды болуы керек. Біздің міндетіміз – құтқарушыларға өздерінің функционалдық міндеттерін орындау кезінде барынша жайлылықты қамтамасыз ету. Дәл осындай тактика оларды заманауи құтқару техникасымен қамтамасыз етуге қатысты болуы керек, - деді министр С. Шәріпханов.