00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Президент ҚХА сессиясында төлқұжатымыз бен туымыз бірлігіміздің символы екенін айтты

27 сәуір, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Президент ҚХА сессиясында төлқұжатымыз бен туымыз бірлігіміздің символы екенін айтты
Фото: дереккөз

Қазақстан паспорты – біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтардың көрінісі. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлады Elorda.info Ақордаға сілтеме жасап. 

Туымыз ірі халықаралық спорт жарыстарында және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.

Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз. Осы ретте біз мақтаныш ететін этномәдени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.