«Отау»: Жаңа тұрғын үй бағдарламасы арқылы кімдер баспана алады?
«Отау» тұрғын үй бағдарламасы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін баспана сатып алуға жаңа мүмкіндік береді. Жеті жылға есептелген бағдарлама 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеспек.
«Отбасы банк» АҚ баспасөз хатшысы Жанар Жолтаеваның мәліметінше, өтінім беру 30 сәуірге дейін otbasybank.kz порталында жүзеге асады.
«Отау» бағдарламасында алғашқы жарна кемінде 20 пайыз болуы шарт. Несие 19 жылға дейін беріліп, жылдық мөлшерлеме 9 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9,2 пайыздан басталады. Жаңа тұрғын үй бағдарламасына жасы 18-ден 63 жасқа дейінгі Отбасы банк салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Үміткердің жинақ шотында ең кемі 18 айлық болуы керек. Сонымен қатар өтінім беретін кезде салымшының жинаған сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы шарт. Осы орайда бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмау керектігін айтып өткім келеді. Егер қатысушы Астана және Алматы қалаларының тұрғыны болса, онда тұрақты тіркеу болуы қажет. Осы шарттарға сәйкес келетін салымшылар бүгіннен бастап 30 сәуірге дейін otbasybank.kz порталында өтінім бере алады,- дейді Жанар Жолтаева.
Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін, otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді.
Ұпайлар белгілі тәртіп бойынша есептеледі. Атап айтқанда, салым бойынша сыйақы мөлшері үшін әрбір 1 000 теңгеге 5 балл беріледі. Одан кейін салым мерзімі үшін салымның әрбір жылы үшін 5 балл қосылады. Егер салымшы некеде болса, онда 10 балл беріледі. Егер балалары болса олардың санына қарамастан 50 балл қосылады. Егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі,- дейді банк өкілі.
Бағдарлама қатысушысы іріктеуден өткен соң 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие рәсімдеп, оны сатып алып үлгеруі керек.
«Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз. Несие соммасы Астана және Алматы қалаларында 30 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 18 млн теңгеге дейін беріледі. Ал алғашқы нарықтағы тұрғын үй тек Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында ғана беріледі. Ал басқа елді мекендерде кез келген тұрғын үйді алуға болады. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде салым жинақтау бірнеше жылдан кейін заем бойынша мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндік Отбасы банк клиенттеріне «несиеден шаршауды» болдырмауға көмектеседі,- дейді Жанар Жолтаева.
Бағдарламаны іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі Отбасы банкінің сайтында жарияланатын болады. Әрбір адам өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталында таныса алады.
Айта кетейік, жаңа бағдарламаға қатысушы тұрғын үйді Баспана маркет, яғни otbasybank.kz порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының өсуіне жол бермейді.