«Отау» бағдарламасы бойынша алғашқы 300 ипотека берілді
Алғашқы 230 кредитті бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алған қазақстандықтар алды. Жаңа пәтерлердегі қоныс тойын Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының тұрғындары атап өтуге дайындалуда, деп хабарлады Elorda.info «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Отау» бағдарламасының тағы 70 қатысушысы моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтан тұрғын үй сатып алды.
«Отау» бағдарламасы бойынша ең жас қарыз алушы – Қостанайдың 22 жастағы тұрғыны Данил Кернус. Ол студент кезінде Қостанай облысы Қарасу ауданындағы ауылдан қалаға қоныс аударған. Сол аралықта жас жігіт ата-анасымен бірге болашақта баспаналы болу үшін Отбасы банкіндегі депозитке ақша жинай бастаған. Нәтижесінде салымның мерзімі мен жинақталған қаражат оған «Отау» бағдарламасына қатысып, Қостанайдан жаңа пәтер сатып алуға көмектесті.
«Отау» бағдарламасы бойынша үлкен байқау өткенін білемін, сондықтан қатысушылар тізіміне іліккеніме қатты қуандым. Оқуымды бітіріп, қазір жергілікті компанияда қызмет көрсету инженері болып жұмыс істеймін. Алған несиемді өтеп тұруға шамам жетеді. Қарыз бойынша төлемім 150 мың теңгеден сәл асады, бұрын қаладағы жалдамалы пәтерге тура осындай сома төлейтінмін. Қазір пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмын. Достарым мен жақындарым бұл істе көмектесуге дайын, - дейді «Отау» бағдарламасының қатысушысы Данил Кернус.
Қатысушылар арасында асығыстық тудырмау үшін Отбасы банк тұрғын үй сатып алудың қолайлы мерзімдерін қарастырды. Мәселен, «Отау» бағдарламасына қатысушылардың 2024 жылдың 12 шілдесіне дейін кредиттік өтінім беруге уақыты бар.
Егер бағдарламаға қатысушы қарыз бойынша оң мақұлдау алса, онда оған баспана табуға және сатып алуға 6 ай уақыт беріледі.
Бағдарламаға қатысушы Баспана маркет порталында бастапқы тұрғын үйді таңдайды (otbasybank.kz). Бұл опция жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.
Қазір порталда 9 169 пәтерлі 320 тұрғын үй орналастырылған, оның ішінде 939 пәтерге тапсырыс берілген. Банк клиенттері қарызды ресімдеу және пәтер сатып алу кезеңінен өтуде.