Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге тіркелу қашан басталады

31 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге тіркелу қашан басталады
Фото: Оңалхан Өнерхан

1 маусымнан бастап магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдау басталады. Тіркелу ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 8 шілдеге дейін жүргізіледі. Тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттарды қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

Тіркелу кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды. Түсушілер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (8 шілдеге дейін) берілген өтінішке өзгерістер (тестілеуді тапсыру қаласын, дайындық бағытын, білім беру бағдарламаларының тобын, тестілеуді тапсыру тілін өзгерту) енгізе алады. Өтініштерді қабылдау базасы жабылғаннан кейін таңдалған білім беру бағдарламаларының тобы мен тестілеу тапсыру қаласы өзгертілмейді.

Тестілеуді өткізу орны (пункт), күні және уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 14 шілдеде қолжетімді болады.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша – кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, - делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Бейінді магистратураға түсуге ниетті түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл құрайды.

Сондай-ақ бейінді магистратураға саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне, тиісті салалардағы азаматтық қызметшілері лауазымдарының тізіліміне сәйкес басшы лауазымында кемінде бес жыл өтілі бар немесе білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес мамандығы бойынша кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар тұлғалар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары өткізетін әңгімелесу нәтижелері бойынша ақылы негізде қабылданады.