Мәжілісте «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері марапатталды


Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлеріне марапаттар табыстады. БАҚ қызметкерлері арасындағы жеңімпаздар жеті номинация бойынша анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Салтанатты жиынды ашқан Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері мен БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады. Мәжіліс төрағасы қазір қоғамды журналиссіз елестету мүмкін емес екенін атап өтті. Халық журналистер жазған мақалалар, сюжеттерден еліміздегі және әлемдегі оқиғалардан хабардар болып отырады. Әсіресе, Мемлекет басшысының саяси-экономикалық реформалары мен ауқымды бастамаларын халыққа дұрыс түсіндіруге мол үлес қосып келеді. Соның ішінде Парламентте қабылданып жатқан заңдар насихатталып жатыр. Палата спикерi заңды қабылдау бір бөлек, оны халыққа дұрыс жеткізу негізгі миссияның бірі екенін айтты.
Мәжіліс төрағасы «Парламент сөзі» сыйлығының тоғызыншы жыл өткізіліп келе жатқанын айтты. Осы уақыт ішінде 140-қа жуық адам марапатталған. Биыл байқауға қатысуға 100-ден астам өтінім келіп түскен. Таңдау оңай болған жоқ. Нәтижесінде марапаттар былай бөлінді:
– «Үздік баспа жарияланымы үшін» – Зейін Ерғалиева («Егемен Қазақстан» газеті), Владислав Шпаков («Время» газеті);
– «Үздік телевизиялық сюжет үшін» – Асылбек Тойбеков («Жібек жолы» телеарнасы), Мейрамгүл Мәдәлі (Atameken Business телеарнасы), Әлібек Рзабаев (Еуразия бірінші арнасы, «Парламент Online» бағдарламасы);
– «Үздік бейне-сурет материалы үшін» – Алмас Жылубаев («Астана» телеарнасы);
– «Үздік интернет және радио материалы үшін» – Әйгерім Бақпаева (Baigenews.kz интернет порталы), Азамат Тілепов (Қазақ радиосы), Әйгерім Тукушева (Kursiv.kz сайты), Тамара Вааль (Vlast.kz сайты);
– «Арнайы репортаж» – Ирина Әлімжанова (Qazaqstan ұлттық арнасы, «Қос палата» бағдарламасы), Алина Шашкина (Tengrinews.kz интернет порталы), Дәурен Омаров («Адал адам» youtube арнасы);
– «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» – Еркін Жұматаев («Хабар» агенттігі), Александр Трухачев («КТК» телеарнасы);
– «Парламент сөзі» Арнайы номинациясы – «Азаттық рухы» сайтының және «24KZ» телеарнасының ұжымдары.