Үкімет әкімдерге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуды тапсырды
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауылдық жерлерді дамытудың ағымдағы жай-күйі туралы баяндады. Вице-премьердің айтуынша, бүгінде елімізде 6 256 ауылдық елді мекен бар, оларда 7,6 млн азамат немесе республикадағы халық санының 38,4%-ы тұрады.
2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1,8 мың ауылдық елді мекенде 524 млрд теңге сомасына 5,4 мың жоба іске асырылды. Сондай-ақ 85 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды. 10,5 млрд теңгеге 1,8 мың медициналық техника сатып алынды, 120 өрт сөндіру бекеті құрылды. Интернетке Wi-Fi HotSpot технологиясы бойынша 176 ауыл қосылған.
Мамандарды тарту үшін «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бюджеттік несие мөлшері 1,5 мыңнан 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Үкімет басшысы әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайтынын айтты. Премьер-Министр Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойды. Объектілер мен қызметтердің нақты тізбесі осы жүйеде қамтылған. Тізбеде жазылған игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс.
Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет, — деді Олжас Бектенов.
Оған қоса Премьер-Министр стандарттар жүйесін басқа бағдарламалық құжаттармен, соның ішінде ұлттық жобалармен өзара үйлестіруді тапсырды.