Ішкі істер министрлігі маңызды үндеу жасады


Ішкі істер министрлігі соңғы кездері алаяқтық оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты азаматтарды шетелде жұмыс іздеу және Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу кезінде аса мұқият болуға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алаяқтар өздерін кадрлық агенттік, туроператор немесе жеке тұлға ретінде таныстырып, азаматтарға келесі «қолайлы» ұсыныстарды алға тартады:
- шетелде жоғары жалақы төленетін, тіл білу мен жұмыс тәжірибесін қажет етпейтін жұмыс орындары;
- пәтерлерді, демалыс орындарын және туристік қызметтерді төмен немесе науқандық бағамен жалға беру.
Мұндай ұсыныстарға сеніп, алдын ала төлем жасаған азаматтар алаяқтардың құрбанына айналып, олардың ізін таба алмай қалады.
Алаяқтық әрекеттердің негізгі белгілері:
- қызмет көрсету немесе құжат рәсімдеу үшін алдын ала төлем талап етілуі;
- компанияның ресми сайттарының, заңды мекенжайының және тиісті лицензиясының болмауы;
- тек мессенджер арқылы байланыс орнатып, жеке кездесуден бас тартуы;
- жалған келісімшарттар, қолдан жасалған пікірлер мен фейк сайттарды қолдануы.
Алаяқтықтың алдын алу үшін ІІМ келесі кеңестерді ұсынады:
- компанияның заңды тіркелгеніне көз жеткізіңіз: лицензиясы, тіркеу нөмірі мен БСН-і болуы тиіс;
- ресми келісімшартсыз ешқашан ешкімге ақша аудармаңыз;
- тым тиімді болып көрінетін ұсыныстарға күмәнмен қараңыз;
- жеке басыңызға қатысты мәліметтерді, оның ішінде төлқұжат көшірмесін бейтаныс адамдарға бермеңіз;
- шетелде жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй жалдау үшін тек сенімді әрі тексерілген платформаларды пайдаланыңыз.
Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, Ішкі істер министрлігі дереу полицияға жүгініп, оқиға жайында хабарлауды сұрайды. Сіздің арызыңыз қылмыскерлерді жауапкершілікке тартуға және болашақта осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді.



