Ертең 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота айналымға шығады
Елімізде Ұлттық валютаның 30 жылдығына орай 15 қарашадан бастап номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота айналымға шығады, деп хабарлады Elorda.info Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Банкнотада 19 қорғаныш элементі бар. Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент – теңгенің «₸» белгісі қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар. Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы аймақтарымен бейнеленген. Банкнотаның екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылған. Онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен «₸» белгісі түріндегі Спарк элементі бар,- деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай еліміздің бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, еліміздің барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.