Елімізде жыл басынан бері 4 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелді

Елімізде жыл басынан бері 4 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері елде 3 882 интернет-алаяқтықты тіркеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның ең көбі, яғни 700-ден астамы жалған қызмет немесе тауар ұсыну.

Екінші орында банк қызметкерлерінің атынан қоңырау соғып, жеке деректерге қол сұғу тұр. Ондай жағдай жыл басынан бері 600-ден асады. Сол секілді азаматтардың «ақшасын көбейтіп береміз» деп хабарласқан 300-ден астам қоңырау анықталды.

Ал онлайн несие рәсімдеу дерегі 200-ден асады. Жалпы алаяқтардың мұндай құрығына егде жастағы, яғни 50-ден асқан азаматтар көп түседі.

Сондай-ақ адамдардың алданып қалуының басты себебі – алаяқтар санаулы ғана уақытта, тез әрекет етіп, өз құрбанын тығырыққа тіреп қояды.

«Азаматтардың ойлануына уақыт бермейді. Тез шешім қабылдауға шақырады. Азаматтарға банк қызметкерлері немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы олардан қандай да бір ақпарат сұрамайды. Егер де қажет болса, өздері шақырып, жағдайды шешеді. Ал телефон арқылы ешқандай ақпарат сұралмайды», - дейді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Әлібек Оразалы.