Елімізде еңбек мигранттарына арналған «Ашық әлем» ақпараттық науқаны басталды

БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі агенттігі, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстаннан және Орталық Азияның басқа елдерінен шетелге қауіпсіз, реттелген және хабардар еңбек көші-қонын қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық науқанды бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бері Орталық Азиядан, оның ішінде әсіресе Қазақстаннан басқа елдерге еңбек көші-қоны көрсеткіші өскен. 2024 жылы 140 521 қазақстандық шетелге жұмыс істеуге кеткен, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 191 000 адамды құрды. Қазақстандықтар үшін негізгі бағыттар: Ресей Федерациясы, Корея Республикасы, Түркия, Ұлыбритания, Катар және БАӘ. 2020 жылы Орталық Азия елдерінен шыққан еңбек мигранттарының жалпы саны 7,8 миллион адамды құрды.
«Еңбек мобильділігі тәуекел емес, мүмкіндік әкелетін таңдау болуы тиіс. Біздің мақсатымыз – мигранттарды көші-қонның барлық кезеңінде өздерін сенімді әрі қорғалған сезінуге көмектесетін практикалық білім мен ресурстармен қамтамасыз ету. Мемлекеттік органдармен серіктестік және цифрлық платформаларды пайдалану тұрақты нәтижелер мен ұзақ мерзімді әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестіру функциялары бар кеңсенің басшысы Серхан Актопрак.
Науқан 4 қыркүйектен 2026 жылғы 31 қаңтарға дейін жалғасады. Оның аясында қазақ және орыс тілдерінде оқу материалдары (әлеуметтік постер, бейнероликтер, онлайн курс материалдары және басқалар) дайындалып таратылады.
Науқан сондай-ақ мигранттардың құқықтары мен міндеттері, қолжетімді қызметтер және қорғау тетіктері туралы сенімді ақпарат беруге бағытталған. Бұл ақпарат Қазақстанның мемлекеттік платформаларында – skills.enbek.kz және migration.enbek.kz сайттарында, сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтарындағы тренингтер мен консультациялар арқылы қолжетімді болады.
Жоба әлеуетті мигранттардың қаржылық сауаттылығы мен жоспарлау дағдыларын дамытуға, реттелмеген көші-қон тәуекелдерін азайтуға және мигранттардың құқықтарын қорғауға бағытталған.



