Бірнеше өңірде жастардан құралған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Бірнеше өңірде жастардан құралған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Мұндай топтар көбінесе жасырын сипаттағы қылмыстарды жасайды, яғни жәбірленушілер қаскөйлердің қорқытуының салдарынан немесе тағы да басқа себептермен полицияға жүгінбейді.
«Ұрылар» идеологиясын ұстанып, заңсыздыққа жол беретін топтар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқықтарын өрескел бұзады. Жақында ғана ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Шымкент және Павлодар қалаларында осындай екі топтың ұсталғаны туралы хабарлаған болатын. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.
«Биыл қаңтар айында бірқатар өңірде қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Мәселен, Шымкенттегі университеттердің бірінен үш студентті ұрлау фактісі анықталды. Тексеріс барысында 20 жастағы алты жігіт криминалитет өкілінің ықпалына түсіп, бопсалау мен өзге де қылмыстар жасағаны анықталды. Олар үш студентті автокөлікке отырғызып, қаланың сыртына апарған, сөйтіп, күш көрсетіп, мобильдік қосымша арқылы онлайн-несие ресімдеткен және 700 мың теңгесін тартып алған. Топтың барлық қатысушылары ұсталды», - деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Сонымен қатар Алматы облысында 23 жасқа дейінгі үш тұрғыннан тұратын топ ұсталды. Олар 2005 жылы туған қызбен келісе отырып, адамдарды алдап пәтерге апарып отырған. Онда олар жәбірленушілерді күш көрсетеміз деп қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
«Павлодар облысының Ақсу қаласында бопсалау және алаяқтық қылмыстар жасаған жастар ұсталды. Олар қорқыту және алдау арқылы жәбірленушілерді несие ресімдеуге мәжбүрлеген, кейіннен ақша мен тауарларды иемденген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Ақмола облысында жастар тобының екі мүшесі жергілікті тұрғыннан жарты миллион теңге бопсалағаны анықталды. Күдіктілердің бірі 2005 жылы туған және осындай қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Екінші күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізілуде. Абай облысында студенттерді қорқыту арқылы ақша бопсалаумен айналысқан семейлік жастардан құралған топтың қылмыстық әрекеті анықталды. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті үниверситеттің екінші курс студенті, өткен жылдың тамыз айынан бастап қаскөйлерге 700 мыңнан астам теңге берген. Күдікті қамауға алынды. Атырауда жастар тобының мүшесіне қатысты жедел ақпаратты тексеру нәтижелері бойынша екі шолақ мылтық және әртүрлі калибрлі 60 патрон тәркіленді. Ол 2005 жылы туған колледж студенті, – деді Қуандық Алпыс.
Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында тұр.