«Бір қате қадам – бүкіл тағдырды талқандайды»: Сотталған азаматтың анасы үндеу жасады

17 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Бір қате қадам – бүкіл тағдырды талқандайды»: Сотталған азаматтың анасы үндеу жасады
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі тасымалдағаны үшін сотталған азаматтың анасымен сұхбат жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бір ғана қате қадам – бүкіл тағдырды талқандайды. 23 жастағы ұлы есірткіні арнайы орындарға жасырып кетумен айналысқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Мұндай жағдайға тап болған ата-ана ең алдымен өзін кінәлайды. Жолдасым екеуміз таңның атысы, күннің батысы жұмыста болдық. Баламыздың кіммен араласатынын, немен айналысып жүргенін білмедік. Сабаққа бармайтынын да байқамаппыз. Жаман ортаға қалай қосылып кеткенін аңғармай қалдық», – дейді көзіне жас алған ана.

Кейіннен ұлының жүріс-тұрысы өзгеріп, үйге қонбайтын болған. Киімінің қалталарынан бейтаныс заттар табылған сайын ана жүрегі алаңдай түсті. Бірақ ұлы сұраққа жауап берудің орнына ашуға булығып, тұйықталып, отбасы мүшелерімен сөйлесуден бас тартқан.

«Оның мінезіндегі өзгерістерді байқап, дұрыс жолға салуға тырыстық. Бірде жұмсақтық танытып, бірде қаталдыққа салдық. Жылы сөзбен де, қулықпен де тәртібін түзеуге ұмтылдық. Бірақ бәрі кеш еді. Ол тамақ ішуден, ұйықтаудан қалып, күрт арықтап кетті. Ал үйдегі құнды заттардың жоғала бастауы жағдайдың ушыға түскенін көрсетті», – дейді анасы.

Көп ұзамай есіктерін полиция қақты. Баласының есірткі тасымалдаушы екенін, өзі де сол тыйым салынған заттың тұзағына түскенін сол сәтте ғана білді.

«Бір ғана қателік ұлымның өмірін талқандады. Бүгінде ол жасаған қылмысы үшін жазасын өтеп жатыр. Өкінеді, бірақ бәрі кеш», – дейді анасы ауыр күрсініп.

Бұл оқиға – барша ата-анаға сабақ болуы тиіс. Балаларыңыздың өміріне бейжай қарамаңыздар, оларға әркез жақын болыңыздар.