Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасады


Астанада өткен Құрбан айт мерекесіне арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Хаққа қызмет – халыққа қызмет» деген. Бұл – халықтың разылығы Алланың разылығына жеткізеді деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Әрине, еңбектің ақталғаны жақсы. Дегенмен біз «пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөзге мән берген халықпыз. Алла Тағала халыққа жасаған жақсылықтарыңызды өздеріңізге еселеп береді. Өйткені Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда: «Әрбір жақсы нәрседен жасаған қайыр-садақаларың (сауабы) өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді» деп, мұсылман баласын зор қуанышты хабармен сүйіншілеген («Бақара» сүресі, 272-аят)», – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға да шақырды.
«Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады.



